Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 41,9%-ға азайды

10 маусым 2022, 13:48

Мамырда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 500 мәміле тіркелді, сәуір айымен (52 520) салыстырғанда көрсеткіш 41,9% кеміді. 
 
 Бұл туралы Статистика комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сатып алу  белсенділігі Алматы қаласы мен Қарағанды облысында жоғары, сәйкесінше 4 395 пен 4 055 шарт. Мәміле саны ең аз болған өңір – Солтүстік Қазақстан облысы 630. 

Қазақстандықтар көппәтерлі үйлердегі тұрғын үйлерді көбірек алады, мамырда барлығы – 21 078 мәміле болды. Көппәтерлі үйлердегі бөлмелер саны тұрғысынан 2-бөлмелі пәтерлер әлі де сұранысқа ие. Мамырда 8 мың 2-бөлмелі пәтер рәсімделсе, 1-бөлмелі одан бір мыңға аз. Жеке үйлер бойынша 9 422 мәміле рәсімделді. Жеке үйлерді Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары көбірек алған.

2022 жылғы мамырда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың тиісті айымен салыстырғанда 36,9% кеміді. Тұрғын үй нарығындағы мәмілелердің өткен жылғы мамыр айымен салыстырғандағы ең көп төмендеу Маңғыстау облысында тіркелді – 64,6%.

BAQ.KZ