Түркістан облысында бірнеше елді мекен көгілдір отынмен қамтылды

03 тамыз 2021, 18:26

Түркістан облысында шалғай жатқан 17 елді мекенге газ құбырын өткізу жұмыстары аяқталды. Жүздеген отбасы көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне қол жеткізді. Енді 20 мыңнан аса жергілікті тұрғын көгілдір отынды пайдалана алады.

 

 

Нұралы Айтымбетов, Қақпақ ауылы тұрғыны:

 

–       Біздің ауылға ешқашан газ келмейтін шығар деп ойлайтынбыз. Біз үшін бұл қиялға сыймайтын жағдай болып тұр. Арманымыз орындалды. Осы істің басы-қасында жұрген барша азаматтарға айтар алғысым шексіз. Енді отынға қатысты мәселе болмайды.

 

«Енді қыс мезгілінде көмір жақпаймыз. Сол арқылы ақшамызды да үнемдейміз. Біріншіден бағасы жылдан жылға өсіп бара жатқан қымбат көмірді сатып алмаймыз, оған қоса, енді жыл сайын үйді ақту-сырлау жұмыстарын жүргізбейміз» дейді тұрғындар.

 

Қазіргі уақытта 1723 үй көгілдір отынмен қамтылды. Оның ішінді Қызылсеңгірде - 267, Тұғыртаста – 32, Заңғарда – 166, Қақпақта – 868, Сырлысайда – 98, Бағыста -292 үйге көгілдір отын берілді.

 

 

Бұл елді мекендерге көгілдір отын «Қақпақ» автоматтандырылған газ тарату стансасынан арнайы газ тарататын құбыр арқылы беріледі.

 

«Бүгінгі таңда «Қақпақ» автоматтандырылған газ тарату стансасы алты елді мекенді таратқыш торапқа қосу мүмкіндігіне ие. Бұл он мыңға тарта тұрғынды көгілдір отынмен қамту деген сөз» - дейді, Түркістін облысы «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ өндірістік филиалының басшысы Шалқар Омаров.

 

 

Сөз орайы келгенде айта кетейік, өткен аптада іске қосылған «Таскескен» АГРС Сарыағаш ауданында тоғыз елді мекенді және Келес ауданында екі елді мекенге көгілдір отын жеткізетін болады. Алғаш болып Таскескен, Таскескен-2, Жылысу, Тегісшіл елді мекендері көгілдір отынға қосылады.

 

 

 

 «ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз-қызметі