Түркістандық шенділер мемлекеттік грант үшін 200 мың теңге талап еткен

24 қыркүйек 2022, 12:28

Түркістан облысында бизнес идеясын іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға дәмелі болған азаматтар шу шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.

Олар грантты бөлетін комиссия мүшелерінің өзі үміткерлерден 200 мың теңге сұрады дейді. Айтуларынша, бұл ақшаны бергендер 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі грантты еш кедергісіз алған. Ал мұндай "бармақ басты, көз қысты" әрекеттен қашқандардың бастапқыда мақұлданған жобасы ақыры өтпей қалды дейді. Сондықтан олар комиссия мүшелерін аластатуды сұрап отыр.

 

Түлкібастағы мемлекеттік грант бөлу комиссиясына шағым айтқандардың бірі Қатира Алдабергенова. Ол қысқы азық ретінде көкөністерден түрлі салат жасап, оны банкаға жабумен айналысатынын айтады. Енді осы ісін шағын кәсіпке айналдырып, іс бастамақ болған. Тіпті ұсынған жобасын түсіндіргенде, комиссиядағылар әу баста тамсанып, бір ауыздан "өттің" деп шығарып салды дейді. Кейін табан асты шешімдерін өзгертіп, үміткерлер тізімінен сызылғанын жеткізіпті. Келіншек мұнда бір шикілік бар деп отыр.

 

ҚАТИРА АЛДАБЕРГЕНОВА, Түлкібас ауданының тұрғыны:

 

– Сіз өттіңіз. Сіз гранттың иегерісіз. Сізге әбден болады деді. Мен сол қуанышпен үйге бардым. 2 күннен кейін қуанышым су сепкендей басылды. Сіз комиссия шешімі бойынша грант ала алмайсыз деген хабарлама келді.

 

Ал тұрғындарды алғашқы кәсіпке баулып, бизнес жоспар жасауға көмек беремін деген Ернар Иманалы да грант бөлу комиссиясына ашулы. Ол тіпті комиссия мүшесінің бірі келіп өзіне ұсыныс жасағанын да айтты. Онысы ақылы дейді.

 

ЕРНАР ИМАНАЛЫ, Түлкібас ауданының тұрғыны:

 

– Маған менің адамдарымды өткізіп берсең, мен комиссиядан сенің адамдарыңды өткізіп беремін деп нақты айтқаны видеоға жазылған. - Ақысына қанша сұраған? - Екі жүз мың сұраған.

 

Әрі Ернар Иманалы сол күні өзін грант бөлу комиссиясының мүшесімін деп таныстырған Қанат Елеуовпен арадағы әңгімені видеоға түсіріп алыпты. Онысын бізге дәлел ретінде ұсынды.

 

Бейнежазбадағы азамат шынында Түлкібастағы мемлекеттік грант беретін комиссияның мүшесі болып шықты. Одан өзге аудандық қоғамдық кеңес мүшесімін деді.

 

ҚАНАТ ЕЛЕУОВ, Түлкібас аудандық мемлекеттік грант бөлу комиссиясының мүшесі:

 

– Иә. Ол кез келген сараптамадан шығады. Мен оны жоқ, мен емеспін деп айта алмаймын. Сондықтан мен ешкімге кінә да артпаймын. Өзімді де ақтамаймын.

 

Алайда, "қолымнан көп нәрсе келеді" деп тек мақтану үшін айттым. Бұл шындыққа жанаспайтын сөздер дейді. Ал, Түлкібас аудандық әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының басшылығы болса, комиссия мүшелеріне қатысты қандай да бір жазбаша шағым түскен жоқ деп отыр. 13 адамнан құралған комиссия құрамына ашықтық сақталсын деген негізбен қоғамдық ұйым мүшелері кіргізілген деді. Ал бейнежазбадағы дерекке қатысты тексеру жүргізіледі.