Үкімет қант тапшылығы мәселесін шешу жолын тапты

06 тамыз 2022, 22:33

Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыпта ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Отырыста ол елдегі қантқа қатысты мәселенің не себепті шиеленіскеніне тоқталды.

 

"Қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, бұл жұмыс уақытылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде проблемалар бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады", - деді Әлихан Смайылов.

 

Өңірлерде бір айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының ең жоғары өсуіне Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облыстары (1,3%) жол берген.

 

"Біз өңірлердегі сауда субъектілерінің жағдайды пайдаланып, аса жоғары қосымша табыс табатынын көріп отырмыз. Егер әкімдіктер мұны бақылауға алып, сауда-саттықтың барлық кезеңінде мониторинг жүргізбесе, жағдай өзгермек емес", – деп қосты үкімет басшысы.

 

Еске салсақ, бөлшек сауда дүкендерінде қанттың бір келісі мың теңгеге дейін жеткен.