Үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы жоқ компаниялардың тізімі жарияланды

09 қазан 2021, 01:14

Төменде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәміле – алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты жарамсыз болып саналады.

 

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өз қаражатыңызға сақ болуды сұрайды. Рұқсат құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй сатып алмауға кеңес береді.

«Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға тыйым салынады.

 

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген.

 

Айта кетейік, үлескерлердің ақшасын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың тізімі құрылысы аяқталу сатысындағы нысандар тізімінен шығару жолымен және жаңа нысандарды қосу жолымен жүйелі түрде жаңартылады.

 

Үлескерлердің ақшасын қабылдауға берілген рұқсаттар туралы ақпарат «Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ сайтында орналасқан.

 

Барлық сұрақтар бойынша келесі телефондарға хабарласу қажет: 8 (7172) – 55-04-28, 55-04-30, 8 771 605 17 14.

 

Үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың тізімімен мына жерде танысуға болады: https://astana.gov.kz/file/save/66142

 

 

24.kz