Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы 2023 жылы пайдалануға беріледі

20 желтоқсан 2022, 17:32

Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық автожол жобасының құрылысы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап жазды.

Жобаны іске асыру 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басталған болатын. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы екі жылдан кейін басталды. Концессия шартына сәйкес, құрылыс мерзімі 50 айға жоспарланған. Алайда, құрылыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты концессионер жобаны ертерек аяқтамақ.

 

«Автожол құрылысы бойынша барлық негізгі деген жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта абаттандыру және жол ақысын алу жүйесі орнатылып жатыр. Концессия туралы заңға сәйкес жобалар инвесторларға мемлекет балансына қабылданғаннан кейін ғана беріледі. Осыған байланысты пайдалануға беру 2023 жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр», - деп хабарлады ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

 

Жүрдек жол негізінен алты жолақты, ал кейбір жерлерде төрт жолақты болмақ. Сондықтан, рұқсат етілген максималды жылдамдықта, яғни сағатына 110-140 км жүрген жағдайда 66 км қашықтықты небәрі жарты сағатта еңсеруге әбден болады.

 

«Бұл – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Орталық Азиядағы жол құрылысының ең ірі инфрақұрылымдық жобасы. Аталған жобаны іске асыру жолдың транзиттік әлеуетін жоғарылатып, маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мегаполис көшелеріндегі кептелісті азайтады және экологиялық жағдайды жақсартады», - деп атап өтті Төлеген Абдуллин.

 

Айта кету керек, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елді мекен арқылы өтеді. Бұл автожол Батыс Қытай - Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы керек.