«Үлкен күйеубала» да зауытты Үкіметке қайтармақ

15 маусым 2022, 20:13

Қашағанда салынып жатқан «GPC Investement» ЖШС газ өңдеу зауыты үкіметтің меншігіне өтіп, құрылыс жұмысы мемлекеттің қаржысына жүргізілетін болды. Бұған дейін зауыт «QazaqGaz-ды» (бұрынғы ҚазТрансГаз) басқарған экс-презиеденттің тұңғыш қызы Дариға Назарбаеваның «күйеуі» Қайрат Шәріпбаевтің иелігінде болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Abai.kz-ке сілтеме жасап.

14 маусымдағы Энергетика министрлігі ұсынған Үкімет қаулысының жобасында «TAUBEREKEGROUP» ЖШС-нің сыйға тарту шарты бойынша «GPC Investement» ЖШС-нің (бұдан әрі серіктестік) жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ орналастырылған акцияларын төлеуге серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін беру», - делінген.

 

Petrocouncil басылымының мәліметінде, «Шәріпбаев NCOC компаниясынан ілеспе газ жеткізуге, сонымен бірге Қазақстанның Даму Банкінен (ҚДБ) ГӨЗ құрылысына кредит алуға қол жеткізген», - деп жазылған.

 

Қазақстанның Даму Банкі болса, біраз уақыт бұрын ГӨЗ құрылысын синдикатталған қаржыландыруға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Ал, NCOC қазірдің өзінде «Болашақ» атты мұнай мен газды дайындау қондырғысынан бастап ГӨЗ-ге дейін газ құбырын салуға 50 миллион доллардан астам қаражат бөлгенін айтты.

 

Сарапшылардың ойынша, Шәріпбаевты «QazaqGaz» басшылығынан кеткен соң, салынып жатқан газ өңдеу зауытында бір шикілік бары белгілі болды.

 

Энергетика министрлігі өзінің берген түсіндірмесінде Шәріпбаевтың атын атамаған. Тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қуаты жылына 1,15 млрд текше метрге жететін зауытты мемлекет мемлекет меншігіне беріліп жатыр дегенді айтқан.

 

«TauBerekeGroup" ЖШС «GPCInvestement» ЖШС (бұдан әрі – серіктестік) жарғылық капиталына қатысудың 100% үлесін ерікті және өтеусіз беру ниетін 2022 жылғы 16 мамырдағы №14-45 хатында білдірді. Серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлесін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ орналастыратын акцияларды төлеуге беру жобаны іске асыруға, тиісінше дер кезінде зауыт құрылысын аяқтап, пайдалануға беруге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министрлік.

 

Атыраудың Қашаған кен орнында салына бастаған зауыттың құрылысы былтыр жазда басталған. Құны 860 миллион доллор тұратын газ өңдеу зауытының құрылысын алғашында үкімет Eni, Total, Shell, Exxon Mobil, CNPC, Inpex сияқты ірі компанияларға тапсырмақшы болады. Бірақ кейінірек сол кездегі Үкімет басшысы Асқар Мамин зауытты жергілікті GPC Investment компаниясы салатынын айтқан еді.

 

Қазақстандық билік жеке компания үшін қолайлы жағдай жасап берді. «QazaqGaz» бен (бұрынғы «ҚазТрансГаз»)  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және бірнеше шетелдік энергетикалық алпауыттар кіретін NCOC консорциумы келісімге қол қойды. Оның шарттары бойынша консорциум «QazaqGaz-ға» ілеспе газды 2042 жылға дейін тегін береді және оның утильалымына қосымша ақы төлейді. Ал, «QazaqGaz» өз кезегінде шикізатты GPC Investment зауытына жібереді. Зауыт шикізатты өңдеп, күкіртті, сұйытылған табиғи газды және газ конденсатын шетелге экспорттайтын болады.

 

Естеріңізге сал кетейік, Қайрат Шәріпбаев «QazaqGaz» басшылығынан биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеткен. 2 маусымда «QazaqGaz» Басқарма төрағасының бұрынғы міндетін атқарушы Ибулла Сердиге іздеу жарияланды. Серди Шәріпбаев компания басшысы қызметінен кеткеннен кейін 14 Қаңтарда «ҚазТрансГаз» басшысы лауазымына тағайындалған болатын.

 

Алайда Серди бұл қызметте ұзақ отырған жоқ, 22 ақпаннан «QazaqGaz-дың» басшылығына Санжар Жаркешов келді.