Ұлттық банк: БЖЗҚ үшін 74,5 млн доллар сатып алынды

14 маусым 2022, 11:44

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 
 
 Айтуынша, валюта нарығында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін 74,5 млн доллар сатып алынған. Бұл зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кемінде 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында жасалған. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 12,7 трлн теңге болды. Осы жылдың басынан бері инвестициялық кіріс көлемі теріс мәнді – 154,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 662,5 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 106,8 млрд теңге болды. Қаржы нарықтарындағы тұрақсыздыққа байланысты қаржы құралдарының көпшілігі бойынша нарық құнының төмендеуі, сондай-ақ 5 айдағы теңге бағамының нығаюы салымшыларға теріс инвестициялық кірісті есептеуге себеп болды, - деп атап өтті Ғалымжан Пірматов.
Белгілі болғандай, соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 4,1% құраған. 

Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт аралығын алып қарастырған жөн. Мысалы, 5 жылда жинақталған инфляция 46,2% кезінде зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 53,0% болды, - деді Ұлттық банк басшысы. 
BAQ.KZ