Ұлттық банк несиесі кешірілетіні жайлы ақпараттарға қатысты пікір білдірді

09 қаңтар 2022, 15:31

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 15-не дейін өтініш берген қазақстандықтардың барлық банктік қарыздары толық өтелетіні туралы хабарлама таратылуда. Бұл жалған деп хабарлайды alashainasy.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

 

 

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкі несиелік рақымшылық жасау туралы ақпаратты жоққа шығарды.

 

– Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылып жатқан несиелерді өтеу туралы фейк жаңалықтар шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкі азаматтар мен БАҚ-тан тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұрайды, – делінген ведомстволардың бірлескен хабарламасында.

 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Қазнетте несиелерді өтеу туралы осындай ақпарат кеңінен тараған болатын.

 

Фейк: «15 желтоқсанға дейін Ұлттық банкке өтініш бергендерге несиелер бойынша қарыздары есептен шығарылады»

 

Қазақстандықтарға 15 желтоқсанға дейін өтініш беру ұсынылды. Адамдардың көбі фейкке сеніп, Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ғимаратына барған.

 

Полиция хабарлама авторын іздеп жатыр.