Ұлттық банк теңгені бірқалыпты ұстап тұруға тырыспайды

11 наурыз 2022, 00:20

Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты БАҚ өкілдеріне пікір білдірген Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов осындай ұстанымда деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол рубль бағамының долларға шаққандағы өзгеруі де Қазақстан теңгесіне әсер етпей қоймайтынын мойындайды.

“Енгізілген санкциялардың нәтижесінде рубль енді техникалық түрде негізгі екі алаңда – Мәскеу биржасында, ішкі нарықта және банкаралық нарықта саудаланады. Өкінішке қарай, оларда баға белгілеу әртүрлі. Біз Мәскеу биржасына көбірек қараймыз, онда өтімділік бар. Банкаралық биржада өтімділік көп емес. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы осы деңгейде болса да, рубль сегменттің өсуімен саудаланатынын атап өткім келеді, оның құны қанша болуы керек деген іргелі талдау жоқ. Бұл – нарықтың қалыпты ықпал етуі. Менің ойымша, теңге рубль бағамының әсеріне ұшырай бермеуге тиіс және бізде құбылмалылық та өсті, бірақ ол рубльге шаққандағы бағаммен бір деңгейде емес. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда мен сауда ағынының қазір қалай өзгеретінін ескере отырып, теңге мен рубль басқа тепе-теңдік құнын табады деп ойлаймын. Сондықтан бұл деңгейдің қандай болатынын қазір айту қиын”, – деген Ұлттық банк басшысы соңғы 6 жылда қалыптасқан теңгенің рубльге қарым-қатынасы енді басты бағдар болмайтынын жасырмайды.
Оның сөзінше, Ұлттық банк белгіленген бағамға көшуді қарастырмайды.

“Экономикамыздың құрылымы бағамды белгілі бір деңгейде ұстап тұруға, бекітуге тырысқанымен, оның арты күрделі түзетуге, бір уақытта девальвацияға алып келгенін тәжірибе көрсетіп берді. Белгіленген бағам алтын-валюта резервтерінен айтарлықтай үлкен шығыстарды талап етеді. Егер біз мұны соңғы рет жасауға тырысқан 2014-2015 жылдарды еске алсақ, бізге 35 млрд доллар қажет болды, нәтижесінде теңге бағамын бәрібір ұстап тұра алмадық”, – дейді Ғалымжан Пірматов.