Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Үй-күйсіз жүрген» жанның 26 автокөлігі бар екен

15 маусым 2011, 11:39

Бүгінде Үкіметтен берілетін сан түрлі жәр­демақылардың түрі көп. Жолын тапқандар жетер жеріне жеткізбей оның желкесін қиып жатыр. Екі жеп, биге шығып жүргендер де жетерлік. Ал нағыз жәрдемақыға мұқтаждар атаулы көмекке қол жеткізе алмай, кімнен көмек күтерін білмей жүр. «Не шықса да, Шымкенттен шығады» деп мысқылдайтын ағайынға – тағы бір мысал...
Жуырда Еңбекші аудандық про­кура­турасы бұрын-соңды болмаған сұмдықтың бетін ашты. Бұрын-соңды болмаған деуіміздің сыры да бар. Заңсыз тұрғын үй көмегін алған жанның 26 (!) автокөлігі бар болып шықты. Сондай-ақ 51 отбасы заңсыз жәрдемақы алған. Өздерін үйі-күйі жоқ, аз қамтамасыз етілген «мүсәпір» етіп көрсеткен жандар, шын мәнінде, ақшадан қырман сыпырып жүрген жеке кәсіпкерлер болып шықты. Үкі­меттің тегін жәрдемақысын жыр­тық­тарына жамау еткісі келсе керек. Өт­кен жылы әлеуметтік көмекке мұқтаж делінген 1941 отбасыға тұрғын үй көмегін көрсету үшін жергілікті бюд­жеттен 67 миллион теңге бөлін­ген. Ал биылғы жылдың бірінші тоқ­са­нында 1873 отбасыға 29 миллион 479 мың теңге төленіпті. Ол тұрғын­дар­дың барлығы да қалалық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарла­малар бөлімінде тіркелген. Ақша тө­леу операциясы осы бөлім арқылы іске асқан. Бұл сорақылық проку­ра­тура тарапынан халықты әлеуметтік қорғау заңнамасы талаптарының сақта­луы­на тексеру жүргізген кезде әшкере бо­лып отыр. Бұл олқылықтың ізіне ін­дете түскен прокуратура қыз­мет­­кер­лері бірнеше органға сұрау сал­­ған. Алынған мәліметтерді салыс­ты­­рып қарағанда жағдай, шынымен де, жаға ұс­та­тар­­лықтай болып шық­ты. Оңтүстік Қа­­зақ­стан облыстық ІІД Жол полиция­сы басқармасының мә­лі­меттер база­сын­­да Ф.Хасан деген аза­матшаның аты­­на тіркелген екі ав­токөлік бар бо­лып шықты. Түйе сой­ған­да болатын қуыр­дақтың көкесі алда екен.
Осы азаматшаның жолдасының бір басында 26 автокөлігі бары анықталды. Сондай-ақ А.Османның атында 15 көлігі бар екен. Бұдан басқа азаматтардың да бас-басында екі-үш көліктері бар екендігі расталды. Атаулы көмек алған «бақытты жандардың» тізіміндегілердің басым бөлігі шын мәнінде де бақуатты жандар екендігі белгілі болып отыр. Ал ең таңғаларлығы, аз қамтамасыз етілгендердің тізімінің бел ортасында жүргендердің 51-і салық басқармасында арнайы тіркелген жеке кәсіпкер болып шықты.
Ал Әділет департаментінің берген мәліметтері тіпті таңғаларлық. Р.Мұхабай деген азаматшаның қаланың қақ орта­сын­да пәтері, ал күйеуінің «Самал» ық­шамау­да­нында жер телімі бар екен. Ал Р.Қо­жах­мет деген азаматтың қала орталығында бір жә­не шеткі ықшамауданда тағы бір пәтері, бағасы аспандап кеткен элиталы ауданда үш жер телімі бары анықталды. Әйтсе де Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 23 047 теңге атаулы көмек алған. Жағдайы жақсы бола тұра, артық ақшаны олжа көрсе керек. Әрине, мұндай бақуаттылыққа анау-мынау адамның қолы жетпек түгілі түсіне де кірмейтіні анық. Осылай бола тұра, мұқтаж жандардың несібесіне қол салған соң, несін сұрарсың?!
Атаулы көмек те, тегін ақша да ешкімге артықтық етпейді. Алайда айдың күні аманда өздерін мүсәпір етіп көрсетіп, масқарасы шыққандарға айтар уәж де жоқ шығар. Пайдакүнемдер мұндай заңсыз тірліктерін үш жыл бойы жалғастырып келген. Сөйтіп, бюджетке 3 миллион 825 мың теңге залал келтірген. Тапқан та­быс­тарын жасырды делік, алайда бөлім та­рапынан бірде-бір рет тексерілмегені қа­лай? Мемлекеттік органдардың бір-бірінен мәлімет сұратуы аса қиын шаруа емес. Тех­ни­каның тетігін басып қалып, керек ада­мы­ңыздың бар жағдайын біліп отыруға да мүмкіндік мол. Тіпті қатынас хат сұратса да, жауап ала алады. Демек, бір кілтипанның бары рас. Танысы бардың «шансы» бар заман деуге саятын сықылды. Әрине, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің орын алуы да ғажап емес. Есесіне, нағыз мұқтаж жандар өз несібелерінен қағылып отыр.
Бақыт ЖҰБАЕВ, Еңбекші аудандық прокурорының аға көмекшісі:
– Негізі, Тұрғын үй кө­мегін көрсету туралы ере­жеде аталмыш көмек аз қам­тамасыз етіл­­ген отба­сы­­ларға ғана бе­­ріледі деп көрсетілген. «Мен­­шігінде бір­­неше үйі бар адамдарға кө­­мек тиесілі емес» деп осы ере­женің 5-тар­­­ма­ғын­­­да жазылған. Алай­­­да атал­ған азаматтар заң талаптарын біле тұ­­р­а бұз­ған. Осы­ған орай, Еңбекші ау­­дан­дық прокуратурасы қа­­­­ла әкіміне осы заңбұ­зу­шы­лық салдарынан кел­ті­ріл­­ген шығынды бюд­жет­­ке қай­таруға шара қолдануды, сон­­дай-ақ кінәлі қыз­мет­кер­­­­­лерді қатаң тәртіптік жа­уап­­кершілікке тартуды талап етті.