Нарық

Зейнетақы алдағы уақытта жаңа жүйемен есептеледі

  • shyn.kz

    shyn.kz

Соңғы жылдары елімізде зейнетақы туралы заңға бірқатар өзгерістер енгені белгілі. Енгізілген өзгерістерге сәйкес ерлер мен әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы теңесті. Жекеменшік зейнетақы қорларының бәрі Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына біріктірілді. 2017 жылдың шілде айынан бастап зейнетақы төлеміне де базбір өзгерістер енгізілмек. Жаңа жүйе бойынша зейнеткердің қай жылы зейнеткерлікке шыққаны ескеріледі. Осыған орай, зейнетақы жүйесін модернизациялаудың концепциясын жасаушылар қазақстандық зейнеткерлерді бірнеше санатқа бөліп отыр.

Бірінші санат.

Бұл санатқа 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтар жатады. Өйткені олардың зейнетақы қорларында жинаған жинағы жоқ. Сондықтан да, оларға зейнетақы тек мемлекет тарапынан төленеді. Олардың зейнетақысы еңбек өтілі ескерілетін негізгі (ынтымақты) бөлімнен және жалпыға бірдей базалық (президенттік) зейнетақыдан құралады. Жаңа жүйеге сай 2017 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы қайта есептелетін болады. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ТКД=19 966 ) жартысына тең болады. Сонымен қоса 10 жылдан артық еңбек өтілінің әрбір жылы үшін мемлекет президенттік зейнетақыға ТКД-ның екі пайызы көлемінде үстеме қосатын болады. Егер зейнеткердің еңбек өтілі 35 жыл болса, онда базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейінің мөлшерімен тең болады.

Мысалы;

Еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз болғанда ТКД/2=19966/2=9983 тг
Еңбек өтілі 20 жыл болғанда 19966/2 + 10х(19966х0,02) = 13976 теңге. Мұндағы 0,02- президенттік зейнетақыға қосатын екі пайыз үстеме.
Егер зейнеткердің еңбек өтілі 35 жыл және одан көп болған жағдайда «президенттік» төлем ТКД-ге (19966 теңгеге) тең болады.

Әрине мұндай өзгеріс 1998 жылға дейін зейнеткерлікке шыққан 30-40 жылдық еңбек өтілімен ең төменгі зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер үшін аса маңызды.
Сондай-ақ бұл жүйе Семей полигоны аймағында 1949-1991 жылдары еңбек еткендер үшін өте тиімді болмақ. Өйткені сол жылдар аралығында жұмыс атқарғандардың еңбек өтілі көтерме коэффицентпен есептеледі. Яғни шығысқазақстандық зейнеткерлердің базалық зенетақысы екі есеге дейін артады.
Сонымен қоса, жаңа жүйе іске қосылған соң зейнетақы төлеуде жылдық инфляция да ескерілетін болады.

Екінші санат.

Бұл санатқа зейнетақы қорында белгілі бір сомада жинағы бар 1998 жылдан кейін зейнеткерлікке шыққандар және енді шығатындар кіреді. Олар ай сайын базалық және негізгі зейнетақыға қоса зейнетақы қорында жинақталған соманың белгіленген бір мөлшерін қоса алып отырады.

Бұл санаттағыларға да базалық зейнетақы бірінші санаттағылар сияқты есептелетін болады. Жаңа жүйе бойынша олардың зейнетақысын есептеуде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және жинақтау жүйесіне қатысқан жылдары ескеріледі. 10 жыл еңбек өтілі барлар үшін базалық зейнетақы ТКД-нің жартысына тең болады. 20 жыл еңбек өтілі барлар үшін ТКД-нің жартысы және 10 жылдан артық әрбір жыл үшін ТДК-ның екі пайызы мөлшерінде үстеме қосылады. Ал 35 жыл еңбек өтілі бар азаматтардың базалық зейнетақысы ТКД-ге тең болады.
Сонымен қоса, жыл сайын жылдық инфляциядан екі пайыз артық үстеме ақы төленетін болады. Яғни жылдық инфляция 6 пайызды құраса, зейнетақының негізгі бөлігі 8 пайызға өсетін болады.
Аталмыш санаттағылар үшін зейнетақы жинақтау қорынан зейнетақы төлеу қордағы жинақ мөлшеріне байланысты болмақ. Жаңа жүйеге сәйкес 2017 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан азамат бұрынғыдай қордағы ақшаның 30 еселенген ең төменгі зейнетақы көлеміндегі (21 736*30=652 080 теңге) соманы бірден ала алмайды. Алайда, алдағы уақытта мемлекет бұл соманы 12 еселенген ең төменгі зейнетақы мөлшеріне дейін азайтпақ.

Үшінші санат.

Бұл санатқа 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмағандар, зейнетақы жинақтау қоры іске қосылғаннан кейін еңбек жолын бастаған азаматтар кіреді. Бұл санаттағылардың зейнетақысы жалақысына байланысты болады. Яғни, зейнеткерлікке шыққан соң зейнетақы қорында жинақталған ақшасын белгілі мөлшерде ай сайын бөліп алып отыратын болады.

Әрине бұл жерде «болашақта қорда жиналған ақша құнсызданбай ма немесе жинақтаушы қор банкрот бола қалса не істейміз?» деген сауалдың туындауы заңды. Үкімет «мұндай жағдайда орын ала қалған жағдайда мемлекет азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ететін болады» деп сендіруде.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан 2030 жылы ең төмен деңгейдегі кепілдендірілген зейнетақы жүйесіне көшуі мүмкін. Бұл жүйе адамның жинақтау және шартты-жинақтау жүйесі бойынша жинақтаған сомасы әлеуметтік қожетімді зейнетақының ең төмен деңгейінен аз болған жағдайда амалға асуы мүмкін.
Ал 15 жылдан кейін ең төмен деңгейдегі зейнетақы көлемі қанша болары қазірге беймәлім.

Шартты-жинақ жүйесі

Бұл жүйе екінші және үшінші санаттқа кіретін зейнеткерлерге қатысты. 2018 жылдан бастап жұмыс берушіге қарамағындағы әрбір қызметкердің зейнетақы жинақтау қорына мекеме есебінен жалақының бес пайызы мөлшерінде ақша аударып отыру міндеттеледі. Яғни, 2018 жылдан бастап зейнетақы жинақтау қорына жұмыс беруші тарапынан қосымша қаржы құйылады. Бұл қаржы шартты-жинақ есепшотына түседі. Ал ол сомма 2023 жылдан зейнеткерлікке шыққандардың зейнетақысына қосылатын болады. Зейнеткерге ай сайын берілетін сома қордағы жинақтың мөлшеріне және адамның күтілген өмір сүру жасының ұзақтығына қарай белгіленеді. Егер адам күтілгеннен ұзақ өмір сүріп, жинақ сомасы бітіп қалса, онда ай сайынғы сома жұмыс берушілердің ағымдағы жарнасы есебінен төленетін болады. Тағы бір ескерте кетер жайт, шартты-жинақ есепшотындағы жинақ сомасы мұраға қалмайды. Қалған ақша сол жүйе бойынша жоспарлы түрде өзге ақша алушыларға бағытталады.

Аннуитет

Осы жылдан бастап үкімет зейнеткерлік аннуитетті сатуға берілетін рұқсатты қайта жаңғыртты. Зейнетақы жинақтау қорындағы жинақ сомасы 5,2 миллион теңгеден (бұған дейін 2,7 млн теңге болған) асқан ерлер 55 жасында, зейнетақы жинақтау қорындағы жинақ сомасы 7,3 миллион теңгеден (бұған дейін 3,3 млн теңге болған) асқан әйел адамдар 50 жаста ақшасын мемлекеттік аннуитеттік компанияға аударуына болады. Бұл жағдайда салымшы ақшаның 10 пайызын қолма-қол ала алады. Салымшыға қалған сома өмір бойы айлық, тоқсандық немесе жылдық етіп бөліп төленеді.

Автор: Қалдар Көмекбаев




Көрілген: 16682    Пікірлер: 5

бейсенбі, 04.12.2014, 09:16

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30