Зейнетақы жинағын алу: қазақстандықтар 10%-тік салықты қалай төлейді

24 қараша 2020, 13:17

Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алған кезде, 10% табыс салығын бөліп төлейді. Парламент тиісті заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Мәжіліс Салық кодексіне сенат енгізген түзетулерді мақұлдады. Оған сәйкес, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға 10% табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі.

 

Бұған дейін сенат табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік беру қажет екенін айтқан еді.

 

"Сенат енгізген түзетулер мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді", - деді депутат Сергей Симонов.

 

Осыған байланысты мәжіліс сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады.

 

Келесі жылдан бастап зейнетақы жинағын баспана сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға рұқсат етіледі.

 

Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады.

 

Олар:

 

зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар &ndash 529,7 мың адам;

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер &ndash 178,4 мың адам;

 

зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар &ndash 13,3 мың адам.

 

Сонымен қатар әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар.

 

Мысалы, 20 жастағы азаматтың шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі &ndash 2 миллион 518 мың теңге.