Зейнетақы жинағындағы қаржыны қолдану мерзімі қысқартылды

14 желтоқсан 2021, 14:56

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны қолдану мерзімі 45 күннен 20 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл туралы Отбасы банкі өз Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Бір жолғы зейнетақы төлемі арнайы шотқа түскен сізге қаржыны қажет бағытта пайдалану үшін 20 жұмыс күні беріледі. 20 жұмыс күнін есептеу онлайн-платформада өтінім жіберген сәттен емес, бір реттік зейнетақы төлемі  қаражаты арнайы шотқа түскен уақыттан басталады", - делінген хабарламада. 

Отбасы банкі түсіндіріп өткендей өзгеріс 14 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. 

Егер қаржы есепшотқа бұл уақытқа дейін түссе, онда пайдалану үшін 45 күн беріледі. 

Арнайы шот ашу үшін банкке барудың қажеті жоқ, мобильді қосымшаны пайдалануға болады. Сонымен қатар бір реттік зейнетақы төлемінің деңгейін чат-бот арқылы да тексер аласыз. 

Бұған дейін қазақстандықтардың өз зейнетақы жинақтарын "Отбасы банктегі" депозиттеріне 16 желтоқсаннан бастап жібере алатыны белгілі болған. 

Зейнетақы қорындағы жеткіліктік шегінен асқан қаржыны "Отбасы банктегі" депозитке аудару мүмкіндігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында мәлімдеген еді. Тоқаевтың сөзінше, мұндай шара тұрғындарда ақшаны дұрыс бөлу және пайдалану әдетін қалыптастырады.