Қостанай облысында халықтың жан басына шаққандағы табысы 256,8 мың теңге құрайды

08 тамыз 2022, 15:15

Қостанай облысының әкімі қазіргі таңда облыста халықтың жан басына шаққандағы табыс 256,8 мың теңге құрайтынын айтты. Сондай-ақ 2022 жылы 18 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімнің сөзінше, биыл 27 мың азаматқа жұмыспен қамту бойынша көмек көрсетілетін болады. 

“Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 13,3 мыңнан астам адам қамтылды, 11,3 мың  жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күннің өзекті бағыты азаматтарымыздың әл-ауқатының деңгейін арттыру болып қала береді.  "2025 жылға дейін Халықтың табысын арттыру бағдарламасы" шеңберінде облысымыз көшбасшылар қатарында тұр. Қазіргі таңда облыста халықтың жан басына шаққандағы табыс 256,8 мың теңге құрайды”, – деді Архимед Мұхамбетов Қоғамдық кеңес пен облыстық мәслихат депутаттарына берген есебінде. 

Облыс бойынша жылдық табыстың өсімі барлығы 20,0%-ті құрады, бұл ретте инфляция деңгейі 5,1% болды.

Бұнымен қоса әкім облыстың оңтүстік өңірлерінде тау-кен-байыту кешендері, алтын өндіру фабрикасы сияқты жобалар қатарын іске асыру жоспарланғанын жеткізді. 

“Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешені саласында сүт бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін 12,4 мың ірі қара мал басына 9 сүт-тауарлық ферманы, ірімшік шығару комбинатын, өсімдік май зауытын, бройлер еті өндірісін, ет өнімдерін ала отырып, ірі ақара мал мен жылқы өсіру жөніндегі мал шаруашылығы кешенін салу жоспарланған.

Инвестициялық жобаларды іске асыру өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтып, сол арқылы оның өнеркәсіп құрылымындағы үлесін көбейтуге ықпал етеді. Шикізаттық емес сектор экспортының көлемін ұлғайту күтілуде, себебі іске асырылып жатқан жобалар экспортқа бағдарланған”, – дейді Архимед Мұхамбетов. 

Әкімнің айтуынша, осылайша жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ке дейін төмендейді.