Машина жасау саласының бүгінгі жағдайы қандай?

25 қыркүйек 2022, 18:43

Елімізде машина жасау саласын дамыту үшін кешенжоспар әзірленетін болды. Өкінішке қарай бұл сала қанатын кеңге жая алмай келеді. Сарапшылардың айтуынша, оның себебі шетелден келетін дайын өнімге тәуелділік,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
 
 
Жалпы сала туралы

ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов еліміздегі машина жасау өндірісінің бүгінгі жайы туралы баяндаған болатын.

Отандық машина жасау саласы тұрақты дамып келеді. Өндіріс жыл сайын өз өсімін көрсетуде. Салада 3,5 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Шамамен, 115 мың адам жұмыспен қамтып отыр. Экономикадағы жалпы үлесі - 14 пайыз. Былтырғы есеп бойынша, экспорт көлемі 48 пайызға өсіп, 1,9 млрд долларға жетті.  Біздің өніміміздің негізгі бағыттары Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Өзбекстан нарықтарында сұранысқа ие. Негізгі экспорттық тауарлар аккмуляторлар мен автомобильдер болып келеді. Импорт 17 млрд долларға жетіп отыр. Импортпен бізге сандық блоктар, электр генераторлық қондырғылар, кондиционерлер және телефон аппараттары келеді. Сала әлі де импортқа тәуелді. Сондықтан мемлекет машина жасауды дамыту бойынша жоспарлы саясат жүргізуде, - деп мәлімдеді Оспанов.
Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев импортқа тәуелділік мәселесін келер ұрпаққа қалдырмай шешу керек екенін айтты.

Былтыр импорттың жалпы көлемі - 41 млрд доллар болды. Оның 17 млрд, яғни 41 пайызы – машина жасау өнімдері. Импортқа тәуелділікті азайту, өндіріс көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, бұл – стратегиялық маңызды міндеттер. Біз бұл проблемаларды келер ұрпаққа қалдыра алмаймыз. Қазіргі жағдай жаңа тәсілдер мен жүйелі шешімдердің керек екенін аңғартып тұр. Машина жасау өнімдерінің импортын төмендету үшін қазір және орта мерзімді перспективада не істей аламыз?, деп сауал қойды Мейрам Пішембаев Үкімет басшысына.
Экспорт үлесін арттыру үшін не істейміз?

«Қазақстан машина жасаушыларының X форумында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов машина жасау саласындағы экспорт көлемін арттырып, импорт деңгейін төмендету үшін бағдарламалық құжатты әзірлейтін уақыт келгенін атап өтті.

Бұл саланы жүйелі әрі ұзақ мерзімді жоспарсыз саланы дамыту өте қиын. Біз жаңа көрмеге қатыстық, сол жерде өндірушілер қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржыландырудың жоқтығын айтып жатты. Тиісінше тап осы қиындық – саладағы ең өзекті түйткіл. Базалық ставка айтарлықтай жоғары. Соған сәйкес несие ресурстары да қымбат. Бұл әрине кәсіпорындар үшін өте ауыр тиеді.  Біз Ұлттық Банкпен бірлесіп инфляциялық процестерді тұрақтандыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз және жақын арада ақша-несие саясатын оны жұмсартуға қарай икемдеп, қайта қарайтын боламыз. Орта мерзімді перспективада несие ресурстары айтарлықтай қолжетімді болатындай нәтижеге жетеміз деп ойлаймын. Ал оған дейін, 2-3 жыл көлемінде Үкімет пен Мемлекет деңгейінде пайыздық ставканы субсидиялау сияқты қолдау шараларын ұсынатын боламыз, - деді Премьер-министр.
Саланың ең ірі секторларының бірі — автомобиль жасау . Келешекте елімізде құрастырылатын автомобильдердің модельдік қатарын кеңейту, сондай-ақ бампер, орындық, автомобиль шынысы, пластиктен жасалған бөлшектер, шиналар сынды автокомпонент өндірісін ретке келтіру жоспарланып отыр.

Отандық көлікті кезексіз алатын күн қашан туады?

Өздеріңіз білетіндей, бұл жағдай тек елімізде емес, әлемде болып жатыр. Біз көрші елдердегі геосаяси жағдайдың шиеленісетінін білмедік. Негізі көлік сатып алу үшін кезекке тұрған азаматтардың мәселесі осы күзде шешілуі керек еді. Алайда, бүкіл жоспарымызды өзгертуге тура келді. Қазір кезек мәселесін шешу үшін жоспар дайындап жатырмыз. Биыл кейбір  көлік модельдерінің дефицитін төмендете алдық, - деді Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов. 
Толық циклды қуатта жұмыс істейтін жаңа автомобиль зауыты салынады

Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков салада жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар жайында егжей-тегжейлі баяндап берді.

Бүгінде кореялық Yongsan компаниясымен Hyundai Accent және Hyundai Tucson модельдеріне арналған автомобиль орындықтарын өндіру бойынша бірлескен жоба пысықталуда.

 «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауытында шығарылатын Hyundai Accent, Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Hyundai Elantra модельдеріне мультимедиялық жүйелерді орнату үшін MOTREX компаниясымен жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар шығарылатын модельдердегі қазақстандық қамту үлесін және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Машина жасау технологиялық тұрғыдан өнеркәсіптегі ең күрделі салалардың бірі. Машина жасауда бір жұмыс орнын құру өзге байланысты салаларда алты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Саланың маңызды бағыттарының бірі - автомобиль жасау.

2010 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль жасау машина жасаудың барлық саласының ішінде небәрі 5 пайыз болатын. 2021 жылдың қорытындысы бойынша автоөнеркәсіптің үлесі 32,7 пайызға дейін артты. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 37,5 пайызға жетті. Нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде автоөндірушілер саны артып, үнемі салық түсімдерін қамтамасыз ететін сала қалыптасты, - деді Олжас Сапарбеков Қазақстан машина жасаушыларының X форумында.