Астана саммиті шетелдік тілшілер көзімен

03 желтоқсан 2010, 11:36

Андреас Мейер-Файст, ARD телерадио компаниясының корреспонденті (Германия):
– ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті ерекше өтіп жатыр. Осындай үлкен жауапкершілікті мойнына алып, абыроймен атқарып шықты. Қазақстан барлық жағынан өрлеу үстінде екенін және де экономикалық қуатын көрсетті. Біз сіздердің мемлекетіңізді әлеуеті күшті деп есептейміз. Жалпы саммиттердің күн тәртібіндегі мәселелер тез арада шешіледі деп айтуға болмайды. Астанада өткен саммит күйіп тұрған мәселелердің шешімін табуына себін тигізеді деп ойлаймын. Себебі осы жиында жанжалдардың сірескен тоңының жібуіне негіз қаланды. Ал қонақ ретінде алған әсерімді айтар болсам, Қазақстандағы татулық пен бірауыздылықты байқадым. Көп жерлерде сүттей ұйыған татулық жоқ. Қазақтың қазы-қартасы мен бесбармағы өте құнарлы, дәмді екен.

Илхан Атасой, Түркия, TRT тілшісі:
– Саммиттің ұйымдастырылу деңгейі өте жақсы, әсіресе, журналистердің жұмыс істеуіне қажетті жағдай жақсы жасалған. Аса үлкен халықаралық жиын болғаны­мен, қауіпсіздік қызметі кес-кестеп мазалай бермейді. Өйткені Баспасөз орталығында компьютер, интернет, халықаралық телефон байланысы секілді журналиске қажетті коммуникациялық мүмкіндіктің бәрі бар. Мен Америкада, Еуропа елдерінде осы секілді ірі жиындарда, G8, G20 саммиттерінде де болдым. Қазақстан бұл жағынан олардан бір де кем емес.
Лука Нестор, грекиялық тәуелсіз журналист:
– Саммиттің ұйымдастырылу жағына көңілім толды. Біздердің жұмыс істеуімізге қолайлы жағдай жасалыпты. Ал саммиттің өзі мұнда көптен бері шешімін таппай келе жатқан, дәлірек айтсақ, Таулы Қарабақ, Грузия-Осетия, Ауғанстан жайы секілді өзекті мәселелердің талқыға түсуімен-ақ маңызды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің бүгін Астанаға жиналып, Президенттер мен үкімет басшылары деңгейінде сөйлесіп, пікірлерін ортаға салуының өзі үлкен ілгерілеушілік деп есептеймін. Мұның сыртында жалпы еуразиялық қауіпсіздік мәселесін уақыттың өзі алға тартып отыр. Сондықтан ең бастысы – осындай өзекті мәселелер бір ғана елдің емес, тұтастай халықаралық қауымдастық­тың «бас ауруы» екенін түсініп, оны көпшілік болып талқылауға ұмтылу. Біз бүгін соны көрдік. Бір орында тұра бергеннен, ілгері басуға ұмтылған әлдеқайда жақсы.