ЕҚЫҰ

ЕҚЫҰ cаммиті Корей түбегіндегі дағдарысқа да алаңдаулы

  • ЕҚЫҰ cаммиті Корей түбегіндегі дағдарысқа да алаңдаулы

    ЕҚЫҰ cаммиті Корей түбегіндегі дағдарысқа да алаңдаулы

Еске салсақ, екіге жарылған кәрістер арасындағы кикілжің өткен қараша айының соңына таман қайта ушығып кеткен болатын. Бұған Солтүстік Корея тарапынан оңтүстіктегі ағайындарына қаратып атылған оқ себеп болған. Басты тақырыбының бірі жаһандық қауіпсіздік пен қатерлерге қарсы күресті қамтитын Астана cаммиті де Корей түбегіндегі текетірестен айналып өте алмады. Сөз сөйлеуші делегация басшылары «солтүстік кәрістердің» қыңырлығын қатаң сынға алып, жаза баспауын ескерткен болса, ресми Сеул әлгі мәселе бойынша ЕҚЫҰ-дан нақты ұстанымды талап етті.

Астана cаммитінде сөз сөйлеген Оңтүс­тік Корея cыртқы істер министрі Сунг-Хван Ким Солтүстік Корея әскери күшінің әреке­тін «аса қатыгез әрі заңсыз актіге» балап, оның БҰҰ Жарлығына да, екі ел арасындағы өзара келісімге де қайшы екендігін мәлім­деді. «Әлемдік қоғамдастық бұл жағдайға жеңіл-желпі қарамай, Солтүстік Кореяны жауапкершілікке тартып, әлгіндей әрекетке барғызбауы тиіс. Корея үкіметі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан осы жанжалға қатысты өзінің нақты ұста­ны­мын білдіруді сұрайды», – деді Сунг-Хван Ким. Бұдан бөлек оңтүстіктегі кәрістер солтүстіктегілердің уран байыта бастауына да қатты алаңдаулы екен. «Олар жақында уран байытуды қолға алды әрі сол жерде 2 мың центрифугадан астам құрылғы бар болып отыр. Бұл нысанда әскери мақсат­тағы уран өндірілуі мүмкін. Бұндай әрекет халықаралық қауіпсіздік талаптарына қай­шы. Сондықтан алтыжақты келіссөздер бас­талғанша, Солтүстік Кореяны қауіпсіздік шарттарын бұзбауға шақырамыз», – деді министр.

Ағайындар арасындағы мұндай теке­тірес­тен Жапония да қатердің «иісін» сез­ген тәрізді. «Солтүстік әскерилерінің Оңтүс­тік аралға оқ атуы арандату пиғылын біл­­діреді. Ондай оспадарсыз әрекет екі елдің ғана емес, бүкіл солтүстік-шығыс Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке бірдей қатер төндіреді», – дейді саммитте сөз алған Жапония сыртқы істер министрі­нің орынбасары Ютака Банно. Осыған орай Жапония халықаралық қоғамдас­тықпен ынтымақтаса отырып, Солтүстік Кореяның әрекетін сынға алып, Оңтүстік Корея үкіметінің ұстанымын қолдайтын болады. Жапондар кәрістердің тентектігі­мен қоса Қытайдың қарулануына да алаң­дайтынын жасырмады.

Тунис Бүкіләлемдік келісім қорын құруды, ал Беларусь сайлауды бағалау жөніндегі ЕҚЫҰ стандарттарын енгізуді ұсынады

Тунис сыртқы істер министрінің мемле­кеттік хатшысы Абделхафид Харгуем көтерген мәселенің мәнісі, негізінен, ада­м­зат­тық дамуға бағытталып отыр. Бұл ретте мемлекеттік хатшы жаһандық қауіп­терге төтеп беру үшін жаһандық деңгейде жұ­мылу қажеттігін алға тартады. «Тунис кедей­шілікпен күресте ортақ жауапкершілік пен ынтымақтастық негізінде және шын мәніндегі бүкіләлемдік әріптестікке ұмты­лып келді. Бұл ретте біз қазір қысқа мерзім­де Бүкіләлемдік келісім қорын құруды ұсынып отырмыз», – деген А.Харгуем қордың қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, даму тұрғысынан да пайдалылығын алға тартты. «Қор мыңжылдық даму мақсатына сай жетістіктерді еңсеруге, нақтырақ айт­қан­да, әлемдегі кедейшілікті 2015 жылға қарай 50 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді ол .

Ал саммит барысында Беларусь Прези­ден­ті Александр Лукашенко көтерген сай­лауды бағалау жөніндегі ЕҚЫҰ-ның біртұтас стандарттарын әзірлеу туралы ұсынысына еуропалықтар да таңғалысқан шығар, сірә. «ЕҚЫҰ шенеуніктері ұдайы көтере беретін сайлау стандарттары, өкі­ніш­ке қарай, бізде жоқ, – деді жұртты дүр сілкіндірген Беларусь басшысы. – Сөйте тұра, үнемі қайдағы бір стандарттарға сіл­теме жасалады. Сол үшін сайлау стандарт­тарын әзірлеу қажет», – деді Лукашенко. Оның пікіріне сүйенсек, ЕҚЫҰ сайлау стандарттары әмбебап болып, бақылаудың ортақ ұстанымы бекітілуі керек.

Израиль Палестинамен, көршілес араб мемлекеттерімен ымыраға дайын, бірақ...

 Әлем үшін бейбітшіліктің қадірін арттыра түсетін тағы бір жанжалды нүкте Таяу Шығыс мәселесі болса, Астана самми­тінде бұған да орын берілді. Әуелгі кезекте сөз алған Израиль вице-премьері Моше Яалон саммитте «еврейлерді жер бетінен жоқ қылуға үндейтін» әңгімелер айтылса таңданбайтынын жеткізіп, Иранды, Хиз­бол­лах пен Хамас ұйымдарын тағы бір «қаралап» өтті. «Саммиттен кейін ЕҚЫҰ жаһандық қауіппен күресті жандандыра түседі деп ойлаймыз. Біз бұрынғыдай жан­жалдарды бейбіт жолмен, келіссөздер ар­қы­лы шешуге ұмтыламыз. Қиын шешімдер қабылдауға әзірлігімізді де таныта алдық деп ойлаймын. Бұдан басқалар үлгі алса игі», – деген израильдік делегация басшы­сы өздерінің палестиналықтармен, араб көршілерімен ымыраға әзірлігін атап өтті. «Алайда мұндай ымыра бізге қатер төндір­меуі шарт», – деді ол.

Палестинаны Жерорта теңізі аймағы бойынша ЕҚЫҰ-ның әріптесі ретінде қабылдау қажет

Ондай әріптестіктің маңызы зор бола­тынына ешкім шүбә келтірмесі анық. Өйт­кені Таяу Шығыс мәселесін реттеуде жал­ғыз Израильдің аузына қарамай, екінші тараптың пікірін білу бейбітшілік қадам­дары үшін аса қажет-ті. Осыны ескерген Иордания Хашимиттік Корольдығының өкілі Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтас­тық ұйымының Израиль-Палестина мәселесін шешуге белсенді түрде атсалы­суы қажеттігін алға тартты. «Жалпы, араб-израиль әлемін қалыптастыру жолында ЕҚЫҰ қызметі ауадай қажет. Сондықтан да ұйым басшылығын Палестинаны Жерорта теңізі аймағы бойынша ЕҚЫҰ-ның әріптесі ретінде қабылдау мәселесіне оң көзқарас­пен қарауды сұраймыз. Осы қадам арқылы Палестина ұйымының негізгі қағидаттарын ұстанып, аймақтағы тұрақтылыққа оң әсер ете алады», – деді саммит барысында Иор­­данияның сыртқы істер министрі Насер Джудех. Бұдан бөлек Иордания ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге білім беру саласы бойынша өзара алмасу бағдарламаларын ұсынатын­дығын мәлімдеді. «Бағдарлама арқасында оған қатысатындар ислам мәдениетімен, оның дәстүрі және өмір салтымен етене та­ны­са алады. Екінші жағынан, біздің азамат­тарымыз да ұйымға мүше елдермен арала­сып, өздерінің пікірін жеткізе алады. Бұл конфессияаралық және мәдениетаралық диалогті қалыптастыру жолындағы нақты қадамдар болмақ», – дейді Н.Джудех.




Көрілген: 4030    Пікірлер: 0

жұма, 03.12.2010, 12:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31