Елорда

Астана – қазақы рух пен түркілік таным шаһары

  • Астана – қазақы рух пен түркілік таным шаһары

    Астана – қазақы рух пен түркілік таным шаһары

Сарыарқаның төсінде бой тү­зеген Астана – қазақтың бой­тұмары. Бейжіңді көр­ген­дер қытайдың, Парижде болған адам француздың, Стам­бул мен Анкараны ара­лаған жан түріктің, Лон­донда қонақ болғандар ағыл­шынның, Мәскеуге аты­ның басын бұрғандар орыс­тың сәулет өнеріне таң­ғалып, сол елдің мық­тылығын мойындары хақ. Сол секілді Арқа төрінде ханның та­ғындай «менмұндалаған» Астананы көзбен көрген әр адамзат баласы қылыштай қиып түсер қазақтың рухын сезінуі тиіс. Ол үшін Астана архитектурасына ұлттық реңк пен модерн үлгісін үйлестіру қажет. Біз бүгін осы жайт айналасында ой өрбітпекпіз...


Астанаға деген махаббатымызды сақтап қалу үшін не істеу керек?

Толағайдай күн санап өскен аспан ас­тын­дағы алып шаһар – Алаш елінің бренді еке­ні жиі айтылып жүр. Күллі ғаламның на­зарын өзіне аударған бұл қала Тәуелсіз елдің рухын көтеріп, әр қазақтың жүрегіне жылылық ұялататыны да ара-тұра сөз болып жатады. Ол жылылықты ғасырлар бойы сақтап қалу үшін не істеу керек?

Біріншіден, біз толығымен еуро­цен­тристік көзқарастан арылуға тиіспіз. Себебі елі­міздің жетістігін көре алмайтын түрлі пи­ғылдағы жандар «Көшпелі Қазақ елі қа­ла салмаған» деген пікір арқылы Қазақстан ау­мағындағы қалалардың бой түзеуіне өз­гелердің ықпалы болғанын айтқысы ке­летіні жиі байқалады. Олар осылайша қазақ тарихында Созақ, Сарайшық, Оты­рар, Сауран, Түркістан т.б жүздеген қа­ла­лар болғанын біле тұра еуроцентристік тү­сінікпен ой топшылап, бір ұлттың өр­ке­ниетіне топырақ шашады. Осы түсінікті өз­герту үшін сан ғасыр бұрын Бозақ атауымен бел­гілі болған Астананың тарихын те­рең­детіп, түпкілікті зерттеп, ұлттық сипатта негіздеуіміз керек.

Екіншіден, қазір Тәуелсіз елдің Ас­та­на­сы­н салу барысында үш бағыт пайда бол­ғаны байқалады. Бірінші – еуропалық, батыстық, екінші – шығыстық, үшінші – ұлт­­тық үлгідегі бағыт. Бүгінгі таңда әлемді еу­ропалық, шығыстық үлгідегі ғима­рат­тар­мен таңғалдыру мүмкін емес. Сол се­беп­ті де Астана бейнесі тек қана ұлттық үл­­гіде айшықталғаны жөн. Өйткені жат­жұрт­­тықтар Астананың кескін-келбетіне қа­рап, қазақ туралы ой түйеді, қазақты таниды.

Ол үшін не істемек керек?

Әлемде Астанадай аса қарқын­ды жыл­дамдықпен дамып жатқан қалалар некен-саяқ. Ал осы ғасырда Орталық Азияда дәл мұндай алып шаһардың бой көтеруі, сонымен қатар «Орталық Азия феномені» аталуы кімді болсын ойландыруы тиіс. Бұл – қазақ халқының тәуелсіз санасының ең­бегі, қажыр-жігері. Сол үшін де Астана ар­хи­тектурасында ұлттық реңк мол болғаны жөн. Мәселен, бұл қалаға қатысты ай­тылған пікірлердің көпшілігінде «ел­орда­мыздың келбеті Еуропа қалаларына кө­бірек ұқсап кетті» деген ой жүреді. Сон­дықтан да алдағы уақытта қалаға ұлт­тық реңк берудің жан-жақты жолдарын қарастырған жөн. Мәселен, біріншіден, тек алып ғимараттарға ғана емес, сая­бақ­тарға, аллеяларға қазақ жырлары, аңыз-ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін қоюға болады. Екіншіден, елордамыздың аял­да­маларын ұлттық ою-өрнекпен безендіру ісін қолға алсақ. Үшіншіден, кез келген мекеме, дүкен, сауықтыру орталықтары т.б атауларды қазақы сипатта қою керек.

Ұлттық реңк бізге не береді?

Астана – ертегі қала. Түркілердің аңы­зындағы Самұрық жұмыртқасын салатын Бәй­терек қазір еліміздің символына ай­налып кетті. Өз кезегінде Бәйтерек күн мен түннің, жақсылық пен жамандықтың алмасуын бейнелеп, әлемді жайлаған еуроцентристік ұғымның соңы таяп, азиялық, түркілік сананың жаңғырып келе жатқанын астарлап тұр. Көшпелі Қазақ елі хандарының мекеніндей болған Хан-Ша­тырдың өзі біздің қандай ел болғанымызды бе­дерлейді. Тіпті бас қаладағы «Ел-Ана», «Жер-Ана», «Қазақ елі» монументтері өзіне тән ерекшеліктерімен қазақ­ты­ғы­мыз­ды көрсетеді. Астананың бас ғима­раты, Ақорданың көк күмбезді болуының өзі шығыстық, мұсылмандық, түркілік, қа­за­қылықтың көрінісі. Мұндай ғимараттар, мұндай мүсіндер, мұндай көріністер әрбір отаншыл азаматтың бойына жігер бі­тіреді. Астана архитектурасының өне бо­йында қазақы рух пен түркілік танымды оңай байқау үшін шаһарымыз алдағы уақытта да ұлттық бағытта дамығаны жөн.



Түйін

Биыл Астананың 15 жылдығын мерекелеу мақсатында Есілдің сол жағалауында, «Хан Шатыр» алаңында алыстан көз тартатын ақшаңқан киіз үйлер қалашығы бой көтергені, «Астана төңірегіндегі мыңжылдық» көшпелі өркениет фестивалі өткені, киізден кілем тоқу этно-шоуы, қолданбалы өнер заттарының жәрмеңке-көрмесі, қазақтың ұлттық ойындары, көшпелі цирк, «Ат жалында» ат-спорты шоуы, «Костюмдегі тарих» тағы да басқа көптеген қызықты шаралар ұйымдастырылғаны айтылып, жазылып жатыр. Астана архитектурасына ұлттық реңк пен модерн үлгісін қалыптастырумен бірге осындай ұлттық сипаттағы құндылықтарға бет бұруды ойлағанымыз жөн. Өйткені Астана – басқаның емес, қазақтың елордасы...





Көрілген: 1698    Пікірлер: 0

сенбі, 06.07.2013, 13:09

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30