Астана халқы күн санап өседі

05 шілде 2013, 11:50

Елордамыз Астана соңғы жылдары бас айналдырар жылдамдықпен дамып келеді. Барлық жағынан. Бүгінде әзілкештердің аузында жүргеніндей «қазір ғана сізді вокзалға күтіп алуға кетіп бара жатқанымда мына ғимарат жоқ еді» дегендей, құрылысы да, демографиялық ахуалы да, экономикалық жағдайы да күн санап дамып келеді. Қазір Астана бар қазақтың мақтанышына айнала алатындай қалаға айналған. Шүкір... тәубе...
Қашанда бар нәрсені жоқ ету оңай да, ал жоқты бар ету қиынның қиыны екені даусыз. Осы орайда жоқ жерден мүлдем жаңа, заманауи, бір елдің астанасын, бас қаласын тұрғызу оңай болмағаны белгілі. Әйтсе де қазір күн өткен сайын Астананың жетістігіне куә болып келе жатқан көпшілік елорданың кемшілігінен гөрі, артық­шылығын көбірек сөз ететін болған. Осы орайда, ең алдымен, көз қуантып, көңіл сүйсінтетін нәрсе – Астананың қазақи қа­лаға айналғаны. Бір кездері орыстанған өлкеде бүгінде таза қазақтілді халық көбейген. Тіпті көшелерінің атаулары тек қана бір-ақ тілде, таза қазақ тілінде қатесіз жазылғанын әрі ел мақтаныштарының атын иеленгенін көрудің өзі көңіліңе қуа­ныш сыйлайды. Күйші Дина көшесі, Керей Жәнібек хан көшесі, Тілеп Қобыз сарайы, Керемет моншасы, Бәйтерек, Хан Шатыр атаулары қазақы атауымен Астана­ның қазақтың бас ордасы екенін сездір­гендей. Тіпті қарапайым ғимарат қабырға­лары, көшедегі безендірілген гүлдердің пішіндері, үйлердің ауласындағы балалар ойнайтын алаңқайларының жиегіне шейін қазақы ою-өрнектермен өрнектелуі кез келген қазаққа рух сыйлары сөзсіз. Елбасы өз сөзінде «Астанада қазақ халқының үлесі басқа қалаларға қарағанда басымырақ. Көп өтпей қазағы көп қаланың біреуі Аста­на болады», – деген еді. Расында да, қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктер­де ана тілінде ғана сөйлейтін мамандардың артуы шын мәнінде Астананың қазақи қалаға айналғанын көрсетеді.
Одан кейін Астанада бірден байқалатын нәрсе – Астананың құрылысы. Бірі-біріне мүлдем ұқсамайтын архитектуралық ғимараттар Астананың заманауи қала екенін айғақтайды. Қаладағы құрылыс қала­ның тез дамып келе жатқанын аң­ғартады.
Астананың құрылуы әлеуметтік сала­ның әлеуетіне де, елдің әлеуметтік жағ­дайына да елеулі әсер етті. Жан-жақтан жұмыс іздеп ағылған жастар жас қаладан жұмыс тауып, тұрақтап қалып қана қой­май, жастық жігермен Астананың дамуына ықпал етуде. Астананың бой көтеруімен қатар мыңдаған жұмыс орындарының ашы­луы халықтың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етті. Демографиялық ахуалдың ел бақуаттылығының көрсеткіші екені айқын. Осы орайда қалада халық санының көбеюі де еліміздің дамуына оң ықпал еткенін аңғартады. 2012 жылғы 1 мамыр­дағы есеп бойынша, Астана тұрғын­да­рының жалпы саны 755344 адамға жетті. 2011 жылмен салыстырғанда, бұл мәлімет халық санының 12426 адамға артқанын көр­сетеді. Астанаға күн санап ағылған халық санының көп екенін ескерсек, ал­дағы уақытта бұл статистика тіпті көбейе түсері анық. Сондай-ақ Астанада күн сайын кемінде 40 сәби дүние есігін ашады екен. Статистика департаментінің 2012 жыл­дың алғашқы тоқсанында таратқан мәліметі бойынша, Астанада некеге тір­келгендер саны 15,8 пайызға артқан. Ха­лықтың табиғи өсімі алты есеге көбейіп, нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жеткен. Бұл – ел бойынша ең жоғарғы көр­сеткіш.
Тіпті Астананың өсуі дағдарыс жыл­дарында да тоқтамағаны байқалады. Статистикаға сүйенсек, 2008 жылдан бері ішкі өңірлік өнім 60 пайызға артып, қалаға 1,7 трлн теңге инвестиция тартылыпты. Еуропалық стандарттарға сай Астана – Бурабай тас жолының салынуы, алдағы уақытта Бурабайға туристер тарту мақ­сатында жаңа жобалардың қолға алына бастауы да – ел болашағы үшін жасалып жатқан игі іс.
Елбасының «Астана жақын уақытта ме­дициналық туризм орталығына айналуы тиіс» деп тапсырма беруі де Астанадағы осы бағыттағы жұмыстардың жандануына ықпал етті. Бүгінде Астана қаласында маңдайалды медициналық орталықтар жетерлік. Олар жабдықталуы жағынан әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға жауап береді, қатерлі ісік секілді қауіпті дерттерді бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік беретін медициналық қондыр­ғылар заманауи талапқа сай. Мәселен, Республикалық нейрохирургия орталығы бүкіл Орта Азиядағы осы бағыт­тағы бір­ден-бір орталық болып есептеледі. Осы­ның арқасында бұрын тек шетелдерде жасалатын күрделі операцияларды Аста­на­да да жасау мүмкін болып отыр. Сондай-ақ Астана өз елімізде сапалы ем алып қана қоймай, терең білім алуды да қамтамасыз етті. Бүгінде жастарымыз сапалы білім алу үшін шетел аспай, Елбасының бастамасы­мен ашылған Назарбаев уни­верситетінде жан-жақты білім алуына толық жағдай жа­салған. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атақты про­фессорлар дәріс береді.
Бүгінде Астананың дамуын шетелдік сарапшылар да жоғары бағалап отыр. Сон­дықтан әлемнің астаналарымен тайта­ласа алатын Астанамыздың жетер жетістігі әлі алда деп санаймыз.
Дәурен ҚАЗЫБЕКОВ, саясаттанушы:
– Рас, алғашқы кезде Астананың болашағына күмәнмен қарап, сынап-мінейтіндер өте көп болды. Ал қазір Астананың болашағымен, жеткен жетістігімен мақтанатындар көбейіп келеді. Мені Астананың барлық жағынан қалыс қалмай, барлық саланы қатар дамытуы қуантады. Енді басқа қалаларымыз да Астанаға қарап бой түзесе деймін.