Астана – қазақтың болашаққа бетбұрысы

06 шілде 2012, 13:19

Осыдан тұп-тура 14 жыл бұрын шетелдік басы­лымдардың бірі The Economis газетінде (1998 жылғы 6 маусым күні) төмендегідей мақала жарық көріпті:
«… 300 мың тұрғыны бар Астана қаласы күн санап өсіп келеді. Ғимараттар құрылысы тәулік бойы тоқтаусыз салы­нып жатыр. Инвестиция салған әрбір компанияға салық­тан жеңілдіктер берілген. Аста­наның байланыс жүйесі Ор­талық Азиядағы өзге мем­ле­кеттікіне қарағанда көш ілгері…»

... Міне, 1998 жылдары Елордамыз Астанада небәрі 300 мың ғана тұрғын бар еді. Ал қазірде Астана тұрғындарының саны биылғы жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойын­ша 752,3 мың адамды құраған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәлі­метінше, соңғы бiр ай iшiнде дүниеге келген Астана қаласы тұрғындарының саны 1644 сәбимен толыққан. Нәрес­те­лер­дiң 746-сы – қыз, 898-і – ұл бала, 17-сi – егiз.
Жалпы, мұндай өсiм динамикасы әр ай сайын байқалып отырады. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырза «екі жылдан соң Ас­та­на тұрғындарының жалпы саны 1 мил­лионнан асып жығылатынына» нық сенімді...
Ағылған көш жалғаса бермек...
Әрине, Астанамыздың күн сайын өсіп-өркендеп келе жатқаны қуанышты-ақ... Әу баста-ақ елордалық әлеуетті сезінген халық Астанаға қарай ағыла бастаған-ды. Бұл ретте деректерге көз жүгіртсек, былтыр ішкі миграция 40,4 мың адамды құраса, биыл 8,11 мың адам саналды. Аймақтық миграцияға келсек, астанаға былтыр 5,1 мың адам келсе, 5,1 адам кері қайтқан. Ал сыртқы миграция бойынша биыл 152 мың адамды құраса, оның 127 мыңы қалаға келіп кеткен. Мамандар «мұның барлығы – Астана әлеуетіне, оның экономикалық дамуына, жаңа жобаларды іске қосудағы динамикасына халықтың сенгендігінен барып туындап отырған құбылыс» дейді. Бағамдасақ, халық қаланың келешегіне сенгендіктен барып, осы қалаға тұрақтап қалғысы келеді, болмаса қаладан «екі қолға – бір күрек» табуға ниеттенеді. Мы­са­лы, қалалық жұмыспен қамту және әлеу­меттік басқармасы мамандарының мәлі­ме­тінше, экономикалық белсенді тұр­ғындар санымен бағамдағанда қалада жұмыс­сыздар саны аз тіркелген. Жұмыс­сыздық деңгейі 2011 жылы 5,8 пайызға төмендеген, ал жастар арасындағы жұ­мыс­сыздық 9 пайызға дейін азайған. 2012 жы­лы жұмыс іздегендердің 77 пайызын еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Ағым­дағы жылдың бірінші тоқ­са­нын­да жұ­мыс­пен қамту органына 6285 адам тіркелген. 2012 жылдың басында жұ­мыс­сыз­дық мә­се­лесімен 6285 адам, оның ішін­де «Жұ­мыс­пен қамту – 2020» бағ­дар­ла­ма­сы­на 643 адам келсе, бағдарламаға 589 адам­­ның сұранымы қабылданған, 517 әлеу­меттік келісімшарт бекітілген. Міне, осы іспетті деректерді келтірген маман­да­ры­мыз болашақта да Астанаға ағылған көш жалғаса беретінін басып айтуда...
Жасқайрат СҮНДЕТҰЛЫ, экономист-ғалым:
– Жалпы, Астанаға сырттан ағылған көш жалғаса бермек. Себебі қазірде Астана қаласы халықты жұмыс орын­да­рымен ең көп қамтыған қаланың бірі болып саналады. Осыны ескергендіктен халық­тың басым бөлігі Астанаға ағы­луда. Бірақ бұл жерде қаланың табиғи сыйымдылығын да ескеру қажет. Ішкі миграция мәселесіне назар аудар­ғанымыз жөн...

Астана барлығын қабылдап ала бере ме?!
Расымен де, табиғи сыйымдылық де­ген­нен шығады, әу бастағы тұрғыны 300 мың­нан тұратын қала бүгінде 1 млн халық пана тұтатын үлкен елордаға айналды. Қа­ла­ның ауқымы кеңейді... Десек те, Ас­тана сырттан ағылып жатқан көштің барлығын қа­былдап ала бере ме?!
Аман ШОТАЕВ, экономист-ғалым:
– «Астанада еңбек нарығының өзіндік ай­шықталған бедері бар. Жұмыссыз ха­лық­­тың басым бөлігі Астанаға келіп нә­па­қа та­буда. Дегенмен біздің Үкімет Астана қала­сындағы табиғи сыйымдылықты ретке келтіріп отыру үшін «Ішкі миграция мәсе­ле­лері бойынша» арнайы жұмыс тобын құ­руы керек. Бұл – күні ертең Астананың астаналық мәртебесін сақтап тұру үшін де, қаланың мәртебесін өсіру үшін де қажет дүние. Сондықтан осы мәселеге осы бастан назар аударғанымыз абзал. Себебі қазірде қалаға сырттан келетін қарапайым бұқара бар; шетелдік инвесторлар легі бар; жас­тар, жоғары және орта буын өкілдері бар. Осы­лардың барлығын бақылауда ұстайтын арнайы ішкі миграциямен айналысатын топ болуы керек. Көптеген зиялы қауым өкілі Астанаға қоныс тебуде. Келешекте қала­ның ауқымы бұдан де кеңейеді. Де­мек, қалаға белгілі бір тәртіп, заңдық тұр­ғы­да бақылау керек. Егер Астана бақы­лау­сыз, тәртіпсіз сырттан келген көшті қа­­был­­дап ала беретін болса, қаланың өзін­дік статусы әлсіз болып кетеді. Жалпы, Ас­та­­нада тұратын әрбір тұрғын Астана тұр­ғыны дейтін атқа лайық болуы қажет...

Бас қала – инвесторға қауіпсіз қала...
Жалпы, Астананың ішкі миграциясына алаңдаушылық білдірген мамандар «әйтсе де инвестор үшін Астана қауіпсіз қала» деседі. Негізінен, елордамыз Астанаға ауысқалы бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22 есе өсіпті. Бас-аяғы он жылдың ішінде аймақтық жалпы өнім көлемі 50 есеге ұлғайса, ел ішіндегі ЖІӨ-дегі Астананың үлесі 1,5 пайыздан 10 пайыз­ға дейін өсіп, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі жеті есеге артқан. Бүгінде құрылыс са­ласына қатысты жобалармен айна­лы­са­тын инвесторларға өзіндік салықтық же­ңіл­діктер қарастырылған. Оның ішінде қо­сымша құн салығы (ҚҚС) бойынша нөл­дік мөлшерлеме бекітіліп, жер салығы, мү­лік салығы секілді алымдар алынып тас­тал­ған.
Бұл жайында күні кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырза «Жеңілдетілген салықтық және ке­дендік режим беру арқылы мұнда тек ха­лық­аралық инвесторларды ғана емес, заманауи сәулетшілердің ғылыми топтарын тарта алатынымызға үміт бар» деген-ді...
Не­гізінен, Астананың инвестор үшін қауіп­сіз әрі емен-жарқын қала екенін қала жо­ба­сымен айналысқан жапон сәулетшісі Кисе Курокава былай деп мәлім еткен-ді: «Кө­лең­келі қызмет» деп атала­тын аймаққа капитал келмейді». Біріншіден, сіздердің заңдарыңызда инвестиция үшін базалық шарт нақты жазылған. Яғни меншікке қол сұғыл­майтындығы, келісімшарттардың тұрақ­тылығы, келісімшарттар бұзылған жағ­дайда шығындарды толық өтеу және мү­ліктің нарықтық құнын өтеу нақты көр­се­тілген. Инвесторға керегі де – осы. Сон­дық­тан болар Астанаға инвестиция құю­шы­лардың легі жыл сайын артып отыр...
«Әзірге Қазақ елі­нен кейін астанасын ауыстырған мем­ле­кеттер саны санаулы ғана. Бірақ Астана үнемі өзінің жаңа қала мәртебесін сақтап қалуға талпыныста бо­луы керек. Астана – қазақ халқының болашаққа бетбұрысы. Сон­дықтан бірінші кезекте қаланың табиғи сыйым­дылығына, эко­но­микалық өсіміне, эко­логиялық қалып­­ты­лы­ғына, қаладағы ең­бек нарығын же­­тілдіруге, қала тұр­ғын­да­­рының тыныш­ты­ғын қам­туға үнемі на­зар аударылғаны жөн» деседі ма­ман­дар...

Қызықты мәліметтер
• 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді.
•  Астана – Азия елдерінің ішіндегі ең солтүстікте орналасқан қала.
•  Астана – әлемдегі суық астаналардың қатарында. Ұлан-Батыр қаласынан жылырақ, ал Оттавадан суық.
• Әлемдегі екі астана атауы «астана» деген мағына береді: Сеул және Астана қалалары.
• Әлемдегі екі елдің астанасы Солтүстік Мұзды мұхит бассейнінде орналасқан. Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласы – Енисей, ал Астана Есіл өзенінде орналасқан.
• Қала жобасымен атақты жапон сәулетшісі Кисе Курокава айналысты.