Астана – көшпелілер өркениетінің айнасы

06 шілде 2012, 13:43

«ХХІ ғасыр ғажабы» саналған елорда мерекесі қарсаңында дәстүрге айналған шараның бірі – «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі. Алғаш рет бас қаланың 10 жылдығында 2008 жылы ұйымдастырылған көшпелілер өркениетінен сыр шертетін фестиваль халықтың үлкен қызығушылығына ие болып, мереке күндері мыңдаған тұрғындар жиналатын алаңға айналған еді. Кеше осы игі дәстүр жалғасын тауып, фестиваль шымылдығы ашылды.
«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» – фестиваль түрінде өткізілетін көшпелілер өркениетіне арналған әлемдегі бірден-бір іс-шара. Ерекшелігі – көшпелілер өрке­ние­тінің айырмашылығын қамтитын шара қала мен дала мәдениеті, кешегі мен бүгінгі сынды қарама-қайшылықтар бірлігін үй­лес­тіруді мұрат етеді. Сондықтан да фестиваль ауқымы көшпелілер өркениетінің тарихи құндылығын көрсетіп қана қоймай, заманауи Қазақстанның, әсіресе оның жас елордасы – Астананың өмір салтына, сән үрдістеріне, сәулет өнеріне өзекті әсер етпекші.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, көпшілік тарихшылар көшпелілер мен отырықшы жұртшылық арасында ешқандай қақтығыс болмағанынан дәлелдер келтіріп, осындай пікірді ұстанады. Олай болатын себе­бін «көшпелілер өркениеті – көшпелі және отырықшы мәдениеттердің үйлесімі» деп түсіндіреді. Бұған дау да жоқ. Ал түпкі тамыры көшпелілікпен тарамданған дара халқымыз үшін мыңжылдықтарға сапар шектіретін фестивальға қызығушылығы ер­ек­ше болары да сондықтан деп білеміз. Биыл бесінші мәрте жұртшылыққа жол тар­татын жобаның ұстыны да айрықша. Жылдағыдай фестиваль өткізілетін орындарда шатырлы дала қалашығы бой көтер­генімен, былтырғы жылдардағы секілді қа­мал немесе басқа да қала мәдениетіне тән белгілер құрылмаған. Керісінше жоба көшпелілер қаласының ерекшеліктерін паш етуге тырысады.
Ерекшеліктің тағы бірі көшпелілер өр­кениеті фестивалінде көрермендер на­за­рына алғаш рет «Көшпелі-жылқы өр­ке­ниеті» ландшафты көрінісі ұсынылады. Экс­позицияда Қазақстандағы жылқы шаруа­шылығының дамуынан мәлімет бере­тін мұражайлардан алынған үзеңгі, тебінгі және т.б. ат әбзелдері ұсынылады. Фес­тиваль барысында «Тас адамының жымиюы» балбал тастар аллеясын ұй­ымдас­тыру да жоспарланған. Әрбір балбал тас – Ұлы даланың жәдігерлері табылған әр аймақ­тардан алынған түпнұсқаның дәлме-дәл көшірмесі.
Айтпақшы, фестиваль тағы бір дәстүрге айналып үлгерген жобалардың бірі – «Астана-арқау» жобасымен жолдары түйі­седі. Сөйтіп, мереке күндері «Астана-ар­қау» жобасының қатысушылары көшпелі­лер өркениеті фестивалінің сахнасында да, жұртшылық алдында өнер көрсетпек. Ал көшпелі қаланың көшелерінде қатысушы елдердің мәдени әр алуандығын тамаша­лауға болады. Соның ішінде мылтықшы, то­қымашы, аңшы, зергерлердің киіз үйлері орнатылады. Осы жерде қымыз өндіру­ші­лердің кішігірім байқауы өтеді. Олар қы­мызды баптаудың тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, қонақтарға сусыннан дәм татқызады. Шара аясында түркі әлемінің музыкасында ерекше орын берілген. Қа­зақ­тың дәстүрлі әндері, түркі халық­та­рының дәстүрлі әуендері (сыбызғы, дабыл, домбыра және т.б.). Сондай-ақ жұмбақ ай­тыс, қайым айтыс және басқа да айтыс өне­рінің түрлерінен сайыстар өткізіледі. Жыл­қының құлағында ойнайтын серілердің «Ат жалында» шоуы фестивальдің ең қы­зықты шараларының бірі болмақ.