Астанада алып қозғалтқыштар шығарылады

05 шілде 2013, 12:26

Елорда мерекесі қарсаңында мәдени-сауықтық қана емес, эконо­ми­ка­лық мән-маңызы да зор іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Мәселен, Премьер-министр Серік Ахметов кеше Астанадағы «Тальго» зауыты жанында бой көтеретін жаңа кәсіпорынның алғашқы қазығы ретінде қағылған ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты. Мұнда локомотив­терге арналған алып қозғалтқыштарды құрастыру зауыты салынады. Аталған кәсіпорынның өнімін тек теміржол саласында ғана емес, теңіз кемелерін құрастыру өндірісінде де пайдалану жоспарланып отыр. Ондай дизельді қозғалтқыштар бөлек электрстансы ретінде де істей алады. Себебі одан 3 мың кВт-тан астам электр энергиясын алуға мүмкіндік бар.
Айта кеткен жөн, бұл жоба үш ірі ком­па­ния: Қазақстанның «Локомотив жөн­деу» АҚ, Ресейдің «Трансмашдизель» ААҚ және АҚШ-тың «Дженерал Электрик Транс­портэйшн» компанияларының қаты­суы­мен іске асып отыр. Осыған байланысты өткен жылы тиісті келісімге де қол қойыл­ған болатын. Міне, араға бір жыл салып Астанада локомотивтердің дизельді қоз­ғалтқыштарын шығаратын зауыттың құры­лысы салтанатты түрде басталды. Мұндай шараға Үкімет басшысы С.Ахметовтің өзі шақырылғаннан кейін «Қазақстан темір­жолы» ұлттық компания­сы­ның президенті Асқар Мамин де келіп, ҚТЖ-ның еншілес компаниясы қол қойған келісімнің негі­зінде бой көтеретін жаңа өн­дірістің мән-жайын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, зауыттың құрылысы биыл бас­талса, келесі жылы оны іске қосу жоспарла­нып отыр. Онда магистральды және ма­невр­лы теп­ловоздарға арналған GEVO8 және GEVO12 үлгісіндегі дизельді қозғалт­қыштар құрас­тырылмақ. 7FDL12 маркалы қозғалтқыш­тарды шығаруға да толық мүмкіндік бар. Ондай аппараттар электр­стан­сылар мен теңіз кемелерінде қолданы­лады. Бүгінгі жоспарға сәйкес, жыл сайын 300 қоз­ғалт­қыш шығарылып, Латвия, Лит­ва, Эстония, Моңғолия және ТМД ел­деріне экспорт­талатын болады. Ал өз елі­мізде бұл қоз­ғалтқыштарды алдымен Evo­lution сериялы тепловоздарда пайдалану қарастырылған. Бұл өндіріс те кезінде «Дже­нерал Электрик Транспортэйшннің» қатысуымен ашылған болатын. Енді ше­тел­дік компания сол тепловоздарға қажет­ті қозғалтқыш жүйе­сін Қазақстанға алып келіп, арнайы өндіріс ретінде ашып отыр. Әзірше ол өндірісте қазақстандық қамту­дың көлемі көп бол­майды. 2015 жылы оның көрсеткіші тек 8 пайызға ғана жетеді. Дегенмен 2020 жыл­ға қарай оны 51 па­йыз­ға жеткізу көзделген. Жаңа кәсіп­ор­ын­да 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Олардың дені қазақ­стандық мамандар болады деген сенім мол.
Серік АХМЕТОВ, ҚР Премьер-министрі:
– Бүгінде теміржол саласын қаржы­ландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Қазірдің өзінде ел экономикасын индустрияландыру аясында бірнеше кәсіпорын ашылып, жұмыс істеуде. Аста­на­дағы дизельді қозғалтқыштар зауыты да отандық өнеркәсіптің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз үле­сін қосады деп білеміз. Атап өту қа­жет, Қазақстан теміржолы әлемдік аты бар компаниялармен бірлесіп, отандық мәшине жасау саласын дамыту бойынша ерен еңбек етіп келеді. Олардың ішінде «Дже­нерал электрик», «Альстом», «Таль­го» жә­не «Сименс» бар. Бүгінде эл­ек­тровоздар, локомотивтер және жүр­дек вагондарды шығаратын зауыттар са­лын­ды. Енді Қа­зақ­стан теміржолы сол локо­мотив­терге қажетті құрал-жабдық­тар­ды құрастыру­ға да кірісіп отыр. Аталған жоба аясында қазақстандық қам­туды арттыру – ма­ңызды мәселелер­дің бірі.