Астанадағы тауар, азық-түлік пен қызмет көрсету салаларының қымбатшылығына қалай тосқауыл қоюға болады?

06 шілде 2013, 12:36

Әміржан ҚОСАНОВ, тәуелсіз саясаткер:
– Бұл – өте қиын мәселе. Қысқаша айтқанда, оны шешудің екі жолы бар.
Бірі – әкімшілік жолы, яғни жоғарыдан түскен пәрменмен бағаны төмендету. Бірақ ол нарық заңдарына томпақ келеді. Сауда-саттық саласында бәсекені тежейді, тіпті Астанаға тауар апару тиімсіз болғандықтан, олар онда еш нәрсе де апармай қоюы да мүмкін. Екінші жол – нарықтық жол. Оның екі әдісі бар. Бірі – қаладағы тауар сату­шылар мен қызмет көрсетушілердің өзара бәсекесін арттыру. Яғни ондай нысандар неғұрлым көп болса, баға соғұрлым төмендеуі мүмкін. Немесе ол нысандарға белгілі бір жеңілдіктер жасау: салықтық, транспорттық (себебі көп тауарлар Астанаға сырттан әкелінеді). Бұл әдіске шенеуніктер тарапынан орын алып жатқан жемқорлықпен күресті күшейтуді қосуға болады. Бірақ бұл қадамдардың бәрі бір объективтік кедер­гіге ұшырайды: Астанада тұратын шенеуніктердің, банк, қаржы саласы қыз­мет­керлерінің жалақысы басқа өңірлермен салыстырғанда біршама жоғары. Яғни тауар­лар мен қызметтерге сұраныс болған соң, олардың бағалары да бірден әрі күрт төмен­дейді дегенге сену қиын.

Сапарбай ЖҰБАЕВ, экономика ғылымының кандидаты:
– Астанадағы баға нарығы анау айтқандай қымбат немесе межеден тыс деп айта алмаймын. Ол сол жердің тұрғындарының табысына, тұрмысына сай. Мәселен, біздегі нанның бағасы көрші Ресейден арзан. Оны әкімшілік жолмен реттейміз деп, бағаны төмендету жөнінде талап қойсақ, кәсіпкерлер үшін бұл тиімсіз болып қалады. Сондықтан нарықты ынталандыру керек. Мәселен, кейбір көкөніс түрлерінің бағасы, расында, қымбат болып кетеді. Оны реттеу үшін еркін бәсекелестікке жол ашып беру қажет. Сауда орындарын, дүңгіршектерін ашуға рұқсат беру жағын жеңілдету керек. Делдалдардың еркін жұмыс жасауына, тасымал мәселесінде мүмкіндік берген абзал. Яғни кәсіпкерлер өзара бәсекеге түскенде ғана баға тиісті деңгейге дейін түседі.

Замир ҚАРАЖАНОВ, саяси-экономикалық шолушы:
– Жалпы, мен мемлекеттің баға мәселесіне араласқанын дұрыс деп ойламаймын. Осы күнге дейінгі тәжірибелерге назар салсақ та түсінікті болады. Мемлекет араласқанда кейде баға тиісті деңгейден артығымен шарықтап кетеді. Немесе кәсіпкерлер қиналып қалады. Немесе тауардың өзі тапшы болып кетеді. Қысқасы, ешбір жақсы нәтиже бермейді. Мемлекет тек бәсекелестікті дамытуға ғана қол ұшын бере алады. Ол кәсіпкерлікті дамыту үшін инфрақұрылымдарды, азық-түлік тасымалы жолдарын қалыптастырып берсе де, көп еңбек сіңірген болады. Яғни қаланың бизнесі неғұрлым ашық, неғұрлым қолжетімді бола бастаса баға да өздігінен реттелетін болады.