Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Астананың әр көшесі қазақтың айнасы болса дейміз

05 шілде 2013, 11:46

Астана – Алты Алаштың айнасы. Сол айнамыз іспетті Сарыарқаның төсінде бой түзеген әсем қаланың әр көшесінің атауы қазақы рухты көтеріп, исі қазақ баласын жігерлендіруі тиіс. Ол үшін қазақ халқына атауы белгісіз адамдарға, тарихи емес тұлғаларға, кезінде комсомолда, ОК мен обкомда қатардағы қызметкер ретінде жұмыс істеген азаматтарға берілген немесе ешбір мақсатсыз, мән-мағынасыз қойыла салған жүздеген түрлі атауларды өзгерту қажет. Біз бүгін ономастика жөніндегі құзыретті органдар ескерер деген ниетпен Астана көшелерінің атауы жайлы өз пікірімізді ортаға салмақпыз...

Бірінші кезек...
Кеңестік кезеңнің астары бар атаулар

Бірінші кезекте кеңестік кезеңнің астары бар немесе орыстық психологияда қойыл­ған аттардан арылуымыз қажет. Мысалы, Разин Степан Тимофеевичті (1630-1671) Ресейдегі шаруалар көтерілісінің жетекшісі ретінде білеміз. Ал орыстың даңқты қол­басшысы, князь Михаил Кутузовтың Тәуел­сіз Қазақ елі үшін еңбек етпегені бе­сенеден белгілі. Кеңес дәуіріндегі батыр пионер Павлик Морозовты (1918-1932) тәуелсіз елдің жастарына үлгі ете алмай­мыз. Орыс­тың әскери қолбасшысы, соғыс өнерін дамытушылардың бірі Александр Суво­ровтың да Астана қаласынан (1729-1800) алар орны бар ма? Кеңес үкіметі мен ком­партия қайраткері Алексей Косыгин (1904-1980) мен украин халқының ба­тыры Богдан Хмельницкий және кеңестік қолбасшы Иван Грязновтар (1897-1938) секілді азаматтардың атына Астана­сынан көше берген қазақ халқы тереңірек ойлануы қажет сияқты. Мысалы, қазақтар «Мырзажан» деп еркелеткенімен, ұлтты геноцидке ұшыратқан Левон Исаевич Мир­зояндарды (1897-1939) әспеттеу артық секілді. СРО, РСФСР шетел істері жөніндегі халық комитетінің төрағасы Георгий Чичериннің (1872-1836) де біздің елге қандай жақсылық жасағаны белгісіз... Тіпті Атбасар уезіндегі Маринск көтерілісі басшыларының бірі Никифор Ирченко (1886-1919) мен Азамат соғысының баты­ры Николай Щорс (1895-1919) қазаққа нендей еңбек сіңірді деген сұраққа жауап беру қиын. Мұның бәрін біздің тарихшылар екшеуі қажет. Бұл – бір...

Екінші кезек...
Тағы да өзге батырлар...

Екіншіден, қазір Ұлы Отан соғысына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Ол соғысқа қазақтың қаншама батыры жанын берді. Қаншама батырымыз сыңаржақ идеологияның кесірінен Кеңес Одағы­ның Батыры деген атақ ала алмады. Біз бұл мәселеге де ұлттық көзқарас тұрғысынан қарауымыз қажет. Мысалы, Астана қала­сында оннан аса Кеңес Одағының Батырларына берілген көшелер бар. Оның көбі – орыс ұлтының өкілдері. Мысалы, Кеңес­ Одағының Батырлары Ульяна Громова (1924-1943), Николай Гастелло (1908-1941), Александр Матро­сов (1924-1943), Алексей Петров, Георгий Жуков (1896-1974), Георгий Игишев (1921-1943) Герман Титов, Дмитрий Карбышев (1880-1945), Никита Митченко (1913-1941) (Кеңес Одағының Батыры атағын алмаған 28 панфилов­шылар диви­зиясы батырларының бірі), Беляков Алек­сандр (1897-1982), Юрий Малахов т.б. Бірақ біз қазір Кеңес Ода­ғында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сол се­бепті де осы Кеңес Одағы Батырларының елі­мізге қатысы барлары ғана әспеттелуі қа­жет сияқты.

Үшінші кезек...
Мағынасыз орысша атауларды өзгерту қажет

Үшіншіден, елордамызда әлі де болса ешбір мағынасы жоқ атаулар жетерлік. Мәселен, Вячеславский деген көшенің атауы Ақмола облысы Аршалы ауданын­дағы суқоймасына байланысты қойылып­ты-мыс. Мұнан кейін Училище, Фести­вальный, Речной, Мирный, Изо­бильный, Загородный, Колхозный, Нагор­ный, Сов­ре­менников, Новостроительный, Перво­майский, Мостопоезд, Желез­но­дорожный, Придорожная, Дальний, Юж­ный, Узкий, Пионер, Родниковый, Речной, Солнечный, ДЭУ-3, Садовый, Романтиков т.б басқа бо­лып кете береді. Мұның дені ұсақ көшелер болғандықтан, тұрғындар назарына көп іліге бермеуі мүмкін. Бірақ тәуелсіз саналы азаматтар мұндай жайттарды ұмыт қал­дыр­мағаны жөн.
Ұшқын СЕЙДІРАХМАН, Астана қаласының тұрғыны:
– 1933-1938 жылдар аралығында Қазақ­стан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы болған Левон Исаевич Мирзоян Сталинге арнайы хат жазып, қазақтың баскөтерерлерін қыруға рұқсат сұрағанын тарихи құжаттар дәлелдейді. Бүгінде бұл саяси қуғындау емес, жоспарлы жүзеге асырылған ату-асу шаралары екені белгілі болып отыр. Сол Мирзоянның тұсында қазақ халқынан мерт болғандардың жалпы саны 17600 қазақ екен. Сол 17 600 қазақты жазықсыз қырған азаматқа ел­ордадан көше атын беру – біз үшін ұят.

Сөз соңы
Әрине, біздің бұл жазғанымызға қа­рап, бүкіл «Астананың көшелері әлі күнге орысша атаулардан арылмаған екен» деп ойлауға болмайды. Елордамыздың негізгі орталық көшелері толығымен қазақыланып қалды. Біз тек қалтарыста қалған, ұсақ көшелерді, Астананың шетінде орналасқан назардан тыс аудандардағы атауларды сөз етіп отырмыз. Мұндағы мақсат 15 жылдың ішінде алып мегаполиске айналған Аста­наның әр бұрышын, әр көшесін назардан тыс қалдырмасақ деген ниет болатын.

Түйін
Біз Астананы ғана емес, Астананың әр көшесі қазақтың айнасы болса дейміз. Бірақ кейбір қазақы сипаттағы көшелердің ішінде де көңілге қонымсыз атаулар бар екенін айта кету керек секілді. Мәселен, ешбір маңыздылығы жоқ Базарлық, Жасыл, Ынталы, Өріс, Өрнек, Өркениет, Ынтымақ деген секілді көше атаулары Астанамыздың ажарын ашып тұр ма?. Біздің ойымызша, жоқ... Сол себепті де ономастика мәселесін қарастырғанда бұл жайтты да жан-жақты талқылап, ойластырғанымыз жөн секілді.