Бала Нұрсұлтан еліміздің төл құрдасы

06 шілде 2013, 12:59

Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданының табиғаты көрген жанды өзінің көркем келбетімен баурап ала жөнеледі. Міне, осы келісті даланың, қарт Алатаудың баурайындағы мекенде кезінде ұлы түркі жұртының ат шалдырып, арқа-жарқа болғаны ескі жазбалардан еміс-еміс айтылып жүр. Тегінде «Түркі басы» атанған өңірде елдің қамы, жердің мұңын мұңдаған қаншама дүлдүлдер өтті. Қасиетінен айнымаған далада сол сабақтастық үзілмепті.
Сол Түлкібас ауданында Қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есі­мін иеленген жас Нұрсұлтан Назарбаев өсіп келеді. Әрине, атам қазақта «жақ­сы­дан шарапат» деген асыл сөз бар емес пе?! Сол жұлдызды кейіпкеріміз 1992 жылы Түл­кібас ауданына қарасты Түлкібас стан­сы­сында туылған. Өз ауылындағы білім ұясын осыдан екі жыл бұрын тамамдаған.Қазір  Қызылорда политехникалық ин­сти­ту­тында грант бөлімінде білімін жал­ғас­тыруда. Азан шақырып қойылған аты – Нұр­сұл­тан. Ба­­ла Нұрсұлтанның әкесі  – қа­­­­р­а­­­пайым теміржолшы, анасы – от­ба­сы­лық шаруадағы адам. Міне, мектеп бі­тір­ге­ніне екі жыл толған жас студент туралы Сев­­цов атындағы жалпы орта мектеп ұжы­мы сағынышпен естеліктер айтады.
Елена КИРЕЕВА, Севцов атындағы жалпы орта мектеп директоры:
– Мұғалімдер әрдайым сабақ сұра­ған сайын ол өзін өте сабырлы әрі сал­мақ­ты ұстайды. Оның бала күнгі ар­ма­ны сәулетші болу еді. Бүгінде сол асыл арманы жолында білімін жетілдіруде.  Дос­тарымен тату-тәтті. Әрдайым жү­зінен күлкі үйріліп жүретін. Ұжымдағы бар­лық ұстаздар қауымы осы есімді құр­меттейтін,  аты атала қалса, біздің көз алдымызға Президентіміздің бей­несі елестейтін.

Иә, балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады. Ұзақ жылдар шәкірт тәр­бие­леу­мен айналысып келе жатқан ұстаздар үшін әрбір шәкірт ыстық болатыны тағы бар. Ұстаздары жас Нұрсұлтанның  бо­йын­дағы сәулет өнеріне деген құштарлық оны осы салада белгілі жетістіктерге жетелей тү­сетініне  сенімді.
Гүлшахра АЙДАРАЛИЕВА, жас Нұрсұлтанның сынып жетекшісі:
– Сыныпта үнемі терең ой үстінде оты­ратын. Тұлғалық қасиеті басымдау. Бір отбасының жалғыз перзенті бола тұр­са да, өзін ерке сезінбейтін. Өте ең­бекқор. Өзіне жүктелген міндетті абы­роймен атқарып шығатын. Мектептің әр­бір түлегі жадымызда, алайда бала Нұр­сұлтанның болашағы зор деп се­неміз.