Елбасынан бата алған үшем

06 шілде 2013, 13:28

Нұр. Сұлтан. Сара. Бұл – 12 жасқа толатын атыраулық үшемнің есімдері. Құлсары қаласындағы №20 мектептің 6-сыныбында оқитын үшем үлгілі шәкірттер қатарында.
Балаларға төрт ай болған тұста Атырауға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларға бата беріп, облыс орталығынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді. Президент тарту еткен үлкен картина мен батасы жазылған тақта қазір сол пәтерге сән-салтанат беріп тұр.
– Елбасы келгенде арбада жатқан балалардың біреуі жылап жатты. «Мына жылап жатқан Сара болар», – деп Елбасы жүзіне күлкі үйірді», – деп еске алады бүгінде сол бақытты сәттерін үшемнің әкелері Жұмахан Ілиясов.
Үшемнің мінездері де, армандары да бөлек. Сара бойшаң, ақылды қыз болып өсіп келеді. Болашақта дизайнер болуды армандайды. Нұр ақкөңіл, тез тіл табысқыш, ол заңгер болсам дейді. Ал салмақты Сұлтан ағаштан түйін түйген шебер болуды көздейді екен. Олардан басқа, бұл отбасында сегіз бала бар. Көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектерді алып тұрады. Ресми мемлекеттік мере­ке­лер­де, Астана күні қарсаңында үшем де сыйлықсыз қал­майды. «Біз аттарымызға сай болғымыз келеді, сабақты жақсы оқып, тәуелсіз еліміздің тұлғалары болуды көздейміз», – дейді олар.