ҰБТ

ҰБТ: ЖОО түспегендер қайда барады?

  • © top-news.kz

    © top-news.kz

Жыл сайын жасөсіпірімдердің сарыуайымға салдыратын ҰБТ аяқталды. ҚР білім және ғылым министрлігі оның қорытындысын шығарды. Сонымен 2016 жылы тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 120 мың түлек алтын ұяларымен қоштасты. Бір айта кетерлігі, биылғы мектеп түлектерінің дені еліміздің орта білім ошақтарында кешенді тестілеу енгізілген 1999 жылы туылғандар. Кешенді тестілеу 2004 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге айналды. Биылғы жеткіншектер демек, ҰБТ елімізде енгізілгенде небәрі 6 жаста еді. Арада міне, 12 жыл өтті. Демек, биылғы түлектер ҰБТ-ның осы форматында сынақ тапсыратын соңғы бітірушілер


Келер оқу жылдан бастап, ҰБТ-ның жаңа форматта өтетіні туралы ҚР білім және ғылым министрлігі мәлімдеген болатын. Жаңаша ереженің егжей-тегжейін салалық министрлік алдағы тамыз конференциясында талқыланатынын хабарлаған болатын. Әзірге биылғы жаңашылдық – тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі. Шектік деңгейді, яғни 50 баллды жинай алмаған түлектер тамызда кешенді тестілеуді қайта тапсыруға мүмкіндік алып отыр. Мұндай түлектердің саны 14 252 екен, яғни бүкіл түлектің 17%. Бірақ біздің айтпағыз бұл емес.

Биыл бітірген 120 мыңнан аса түлектің 87 мыңдайы ғана ҰБТ тапсыруға ниет білдіргенін айтып өттік. Сонда қалған 33 мыңға жуық жас буын қайтпек? Әлбетте, олар жыл сайынғы ғадет бойынша шетелдің оқу орындарына тапсыруы мүмкін. Бұлар сыртқа кету ықтималдығы басым топ. Бұл жақсы үрдіс емес әлбетте. Бірен-саран болса, мейлі дер ек, бірақ 33 мың деген өте зор сан. Демек, олардың бәрі дерлік осы жылы АҚШ, Британия, тұтас Еуропа, Қытай, Түркия, Қырғызстан мен Ресейдің оқу орындарына тапсырмақ. 33 мың түлек демек, отандық оқу орындарына тапсырып көру талпынысын да жасап көрген жоқ. Көңіл көншітетін санайғақ емес бұл.

Олардың өз елінің оқу орнынан гөрі, шетелдің білім ордасын қолай көруінің де өзіндік себебі бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, бүгінде қазақстандықтарға Қазақстанның оқу ордасына түскеннен гөрі шетелдің оқу орнына түскен оңайырақ секілді. Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Әсіресе, еліміздің солтүстік, шегаралас аймақтарындағы жастар көршілес Ресейдің университеттеріне түскенді жөн көретіні шындық, һәм алаңдайтындай жәйт. Нақты мысал, Петропавлдағы М. Қозыбаев ат. мемлекеттік университетте бүгінде небәрі 4000 жуық студент оқиды екен. Салыстырмалы түрде 2000 жылдар басында мұндағы студенттік контингент 13 мыңға дейін жетіп артылатын еді. Санайғақ екі жарым есе азайғаны көпе-көрнеу. Демек, бұл өңірдің түлектері көбіне шет мемлекеттің, нақты айтқанда Ресейдің оқу орындарына тапсырғанды құп санайды. Бейресми дерекке сәйкес, бүгінде 15 мыңға жуық қазақстандық студент ресейдің оқу орындарында оқып жатқан көрінеді. Олардың оқу бітіргесін елге қайтуы туралы да мәлімет көп айтыла бермейді. Солтүстік өңірдегі жастардың Ресей оқу орындарына көптеп ағылуының кері әсерінен қазір еліміздің осы аймақтарында әсіресе, өнеркәсіп саласында мамандар аса қат екені белгілі. Бұл деректі 2014 жылы сол кездегі Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова да айтқан болатын. Оның үстіне, Ресей үкіметі Қазақстан студенттеріне жыл сайын квота аясында грант бөлуді дәстүрге айналдырған. Мысалы, биылдың өзінде көрші ел қазақстандықтарға арнап 300-ге жуық грант бөлмек ниетте екен. Осындай қолдаудың арқасында бүгінде ресейде оқып жатқан шетелдік студенттің әрбір үшіншісі Қазақстаннан, дейді солтүстік көршіміздің дереккөздері. Неліктен Қазақстан студенттері Ресейдің оқу орындарын таңдайды? деген заңды сауал туындайды. Ең басты себеп ресейлік оқудың қолжетімділігінде жатса керек. Ресейдің оқу орындарына ат арылтып жетпей-ақ, құжаттарды ғаламтор арқылы тапсыруға немесе осындағы елшіліктерінде тапсыруға болады. Екіншіден, тіпті грантқа өтпегеннің өзінде салыстырмалы түрде ресейлік оқу орындарының ақысы біздің елдегімен салыстырғанда арзан. Үшінші себеп, тілдік кедергінің жоқтығы. Осыларды қаперге алсақ, Қазақстанда оқуға шамасы жетпегендері Ресейдің Томск, Новосібір, Мәскеу, Санкт-Петербург сынды оқу орындарына кетіп жатыр. Қытай елі туралы да дәл осыны айтуға болады. Бүгінде өздерін аспан асты елі деп атайтын мемлекеттің білім және ғылым министрлігі шетелдік студенттерге молынан гранттарды аямай беріп отыр. Ол үшін Қытайға барып мәлімет алудың қажеттігі де бұл жолы шамалы. Қазақстандықтарды Қытайда оқудың артықшылықтары туралы кеңес беретін сайттар интернетте жетіп артылады. Yourchina.kz сайтының мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандық жастар тіпті, оқу орнына түсу үшін емтихан да тапсырмайды екен. Құжат жинап, келісім-шартқа отырып, құжатыңды оқу орнына жіберсең-ақ болғаны. Ары қарай, түскен-түспегеніңді қытайлық оқу орнының өзі шеше береді екен. Көбіне-көп басты критерий әлбетте, оқу үлгерімі. Жоғары оқу үлгерімін танытқан қазақстандық жастарды тек Қытайда емес, әлем елдерінің көп оқу орындары қолдауға үйір. Себебі түсінікті. Өрелі жас әрқашан кез-келген елдің зияткерлік әлеуетін арттырады. Шетелдің үкіметі мұны жақсы түсінеді және соған орай жатжұрттан келген жастарға мейлінше қолдау көрсетуге тырысады. Бұл қолдау тек оқу процессі кезінде ғана емес, бітірген соң, жұмысқа орналасарда да жүзеге аса береді. Осылайша әлеуеті артқан әлем елдері шартараптан жиналған ақыл-өресі биік, елгезек, дарынды жастарды өздерінде қалдыруға барын салатыны ақиқат.

Осындай «қамқор» саясаттың арқасында қазірде 30 мыңнан аса қазақ студенті шет мемлекеттерде оқып жатыр. Бұрынғы ҚР білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов жыл басында келтірген мәліметке сәйкес осы 30 мыңнан аса студенттің тең жарымы Ресейге, 10 мыңдайы Қытайда, қалған 5 мыңы Еуропа мен АҚШ-та оқып жатқанын тілге тиек еткен еді. Ал осы отыз мыңның қаншасының сол елде қалып қоятыны туралы ресми мәлімет айтыла бермейді. Қытай мен Ресейдің тегін грант үлестіретінін қаперге алсақ, әрненің қайтарымы болатыны да ескерген жөн. Демек, жатжұрттың оқу орындары неғұрлым дарынды балаларды оқу бітіргесін өз елдерінде қалдыруға барын салады деп пайымдауға толық негіз бар.

Задында әлемнің көптеген мемлекеттері шетелдік жастарды өздерінде оқытудың түрлі бағдарламаларын ұсынуы жыл сайынғы дәстүрге айналған. Оған дәлел, Британия үкіметі қаржыландыратын «Чивнинг», Американың «Эдмунд Маски» магистрлік бағдарламасы, Еуропалық Одақтың «Эрасмус Мундус» стипендиясы, Қытай, Жапония, Түркия, Чехия елдерінің және тағы басқа мемлекеттердің халықаралық шәкіртақылары бар. Бұл бағдарламалардың сол мемлекеттерге құйылған зор адами инвестиция екені айтпаса да түсінікті. Шетелдік университетте оқыған жастар өз отанына қайтып келген соң да өзін оқытқан елмен, университетпен байланысын үзбейді. Ендеше дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанға да өз студенттерімізбен қоса, шетелдік студенттерді де барынша тартудың амалын жасау керек. Бұл үшін бізде зор мүмкіндіктер бар. Мәселен, Назарбаев Университетінің базасында оқытсақ. Неге түркі тілдес жастарды айтып отырмын? Біріншіден, шет мемлекетті таңдағанда ол жастарға сол елдің тілін білу талабы қойылады. Ал түркі тілдес жастарға қазақ тілі туысқан тіл болғасын үйренуге жеңіл соғады. Екіншіден, олар көрші елдер болғандықтан логистика жағынан да Қазақстанға келіп-кетуі жеңіл меніңше. Әзірге, БҒМ дерегіне сәйкес, Қазақстанда 7000 жуық шетелдік студент оқиды екен. Алайда олардың қаншасы біздің елде қалып қойып, Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеп жатқаны туралы нақты мәлімет жоқтың қасы.+


Түйіндей айтсақ, бір нәрсе айқын: еліміздің Білім және ғылым министрлігі келер жылдан бастап, ҰБТ шарттарын қайта қарастырып, жеңілдіктер жүйесін енгізетін сыңайлы. Бұл қадам елімізде оқығысы келетін студенттердің санын, әрі сапасын арттыру мақсатында жасалмақ екені сөзссіз. Бір қуантарлығы - елімізде қазақ тілінде оқитын жеткіншектердің артып келе жатқандығы. Мәселен, биыл ҰБТ тапсырғандар арасында 83 330 адам қазақ тілінде оқығандар екен. Орыс тілінде оқығандар небәрі 23 984 бала. Яғни қазақ тілінде ҰБТ тапсырғандар орыс тіліндегісіне қарағанда үш есе көп деген сөз. Бұл да болсын еліміздегі мемлекеттік тілдің мерейі үстем, мәртебесі артқанының белгісі деп түсінген жөн.


bnews.kz

 




Көрілген: 1710    Пікірлер: 0

жұма, 17.06.2016, 17:09

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30