ҰБТ

ҰБТ мен КТ науқандық сынақтары кезінде мұғалімдер жұмыстан босатылуы мүмкін

  • © 24.kz

    © 24.kz

Алдағы уақытта ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бір мезгілде өтіп, бұл науқандық сынақтардан мұғалімдер босатылуы мүмкін.


Білім және ғылым министрінің орынбасары Мәжілісте өткен жиында осылай деді. Себебі мектептерге қазір жаңа оқу мазмұны енгізіліп жатыр. Дегенмен еліміздегі оқыту ісінде олқылық көп. Жоғары сынып оқушылары таңғы сегізден қара кешке дейін мектептен босамайды. Бастауыштағы балғындар әліппедегі 42 әріпті жеті ай оқиды. «Мұнымен баланың миын улаймыз», – деген депутаттар министрлік өкілдерінен оқушыға берілетін жүктемені азайтуды сұрады.


Бүгін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысында Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов орта білім беру жүйесін жаңғырту жайын баяндады. Бірақ депутаттар «қазіргі оқу жүйесіне көңіл толмайды», – дейді. Мектептегі бағдарлама тым күрделі әрі оқушыға деген жүктеме көп.


Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


– Балада еңсесін көтеріп, ойнайтын мүмкіндік жоқ. Таңертең мектепке 8:30-да кетіп, үйге 5-те келеді. Не алып жатқан білім жоқ. Не домбыраға қатыса алмайды. Не дзюдоға бара алмайды. Не биге бара алмайды. Бұдан асқан жүктеме, қиыншылықты көріп отырған жоқпыз.


Мектеп бағдарламасындағы тағы бір күрмеулі мәселе – балалар әліппені ұзақ оқиды. Бастауыштағы балғындар жеті айдың ішінде «ю» әріпіне енді ғана жеткен. Депутаттар бұл жүктемені де азайтуды сұрады. Ал вице-министр өз кезегінде «әліппені оқытуды қайта қарап жатырмыз», – деді. Бір бұл емес. «Ұлттық бірыңғай тестілеу, одан соң кешенді тестілеу» деп талапкердің де, мұғалімнің де жарғақ құлағы жастыққа тимейді.


Дипломын алып кеткен түлекке бұдан былай ұстаз жауапты болмауы керек. Сондықтан аталған сынақтардан ұстаз қауымын босатқан дұрыс. Мәжілістегі ұсыныстың бірі осы.


Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


– Маусымда құжатын алып кеткен балаға, шілдеде емтихан, ҰБТ тапсыратын балаға мектеп пен оқытушының қандай қатысы бар? ҰБТ мен мектептің арасын алшақтату керек деп ойлаймын. Сондықтан Құрметті Асхат Қанатұлы, мына ҰБТ мен кешенді тестілеудің ара-жігін біріктіріп, бір уақытқа қоюға болмай ма? Және бұл науқандық жұмыстан мұғалімдерді босатуға болмай ма?


Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:


– КТ мен ҰТБ бойынша кешенді тестілеу мен Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу бойынша сіздердің ұсыныстарыңызбен келісеміз. Ол тек қана биылғы жылы бүгінгі күні болып отыр. Өйткені оны біз қазір бөліп тастаған жоқпыз. Ол баяғыдан солай келе жатыр. Ал биыл оған мүмкіндік туып отыр. Сондықтан ол мәселені шешуге барлық мүмкіндік бар. Ұсыныстарыңызға көп рақмет. Бұл ұсыныспен министрлік тиісті жұмысты атқарып жатыр.


Мәжілісте қаузалған тағы бір мәселе – балабақша қызметкерлерінің жалақысы. Айталық, бүлдіршіндерді бағып-қағатын күтушілердің еңбекақысы қазір шамамен 28-30 мың теңге ғана. Министрлік өкілдері бұл сұрақты да алдағы уақытта қарастыратындарын айтты. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру да назардан тыс қалмады.


2015 жылдан бастап еліміздегі оқытушылардың 50 пайызы қайта даярлау курсынан өткен. Биыл тағы 73 мыңнан аса педагогты кәсіби тұрғыда оқыту көзделген. Осының негізінде жаңа білім мазмұнына көшетін ұстаздардың жалақысы арта түспек. 


24.kz




Көрілген: 1913    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 28.02.2018, 18:30

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31