Ерлік

Бейбіт күннің белгісіз батыры

Белгісіз себебі – бұл капитанның орда бұзар отызға жетер-жетпесінде ерлікке пара-пар батылдық жасағанын екінің бірі, егіздің сыңары білмейді. Батыр болатын себебі – жарылыс салдарынан өртеніп жатқан көліктен аса ауыр жараланған серігін аман алып шығу кез келгеннің жүрегі дауаламайтын өжеттік. Бірақ сол сәтте 31775 әскери бөлімнің инженерлік қызмет бастығы Жасұлан Әшірбеков ерлік жасадым деп әсте ойлаған жоқ.




2011 жылдың 20 қарашасы. Қараған­ды қаласындағы 31775 әскери бөлімнің ин­женерлік қызмет бастығы Жасұлан Әшір­беков өзінің көмекшісі, сержант Берік Тахировпен Қарағанды облысы Приозерск қаласының маңындағы әскери полигонда миналарды әскери үлгідегі залалсыз­дан­дырудың жоспарлы іссапарына атта­нады. Тікелей бастығы – майор Алексей Ири­сов. Бұл жолғы миналардың жарылыс ауқымы кең. Олар ұшқанда – 20, тіпті 30 ша­қы­рымға дейін бір-ақ жетеді. Солардың жарылмай қалғанын залалсыздандыру – Қа­рағандыдан барған саперлік топтың бас­ты міндеті. Әлбетте, бірінші тапсырма емес. Мұнан бұрын да талай миналарды за­лал­сыздандырған топ. Алайда қайғы-қасірет айтып келмейді. 23 қарашада са­ғат күндізгі бір жарым шамасында жары­лыс бо­ларын ешкім болжап білген жоқ. Шал­ғай­да, әскери бөлімнен 20 шақырым сырт­та жүрген саперлер тобының мұндай қайғылы оқиғаға ұшырағанынан басшы­лық бейхабар еді. Өйткені ол жерде ешбір байланыс желісі жоқ. Тіпті ұялы телефон же­лі­сі де. Сол сәтте өмір мен өлімнің, ерлік пен ездіктің айқасы басталды...

«Кезекті минаны алып, өзіміз мінген кө­ліктің артына салып, сержант Берік Та­хи­ров екеуміз кабина есігін ашпақшы бол­дық. Қырсық қылғанда, кабина есігі ашыл­мады. Кабина ішінде майор Алексей Семенович пен жүргізуші отырған. Мен бер жағынан тартып көрдім, ашылмады. Ек­інші жағынан, сержант тартты. Сол кезде гүрс еткен жарылыс болды. Бір күш аулақ­қа лақтырып жіберді. Одан кейінгісі есімде жоқ. Есімнен танып қалыппын. Бір кезде есімді жидым, көлігіміз өртеніп жатыр. Жан­ұшырып тұра жүгірдім. Өйткені көлік­тің бортында басқа да жарылғыш заттар бар. От сонда түссе, бітті! Жүгіріп көлікке жетсем, көліктің астынан қан сорғалап ағып жатыр. Есігін жұлқып аштым. Ойым – майор мен жүргізушіні құтқару. Бірақ Ал­ек­сей Семенович сол сәтте көз жұ­мыпты. Мина жарты денесін жұлып әке­тіпті. Жүргізушінің сырт келбеті бүтін секіл­ді көрінді. Ішімнен аман екен ғой деп ойладым. Оны кабинадан шығарып алмақ болдым. Есігін ашып қалып едім, тәні бор­ша-борша болып шыға келді. Көз алдымда минаның екі адамды жалмап қойғанын ішім қан жылап тұрып сездім.

Дереу сержант Берік Тахировты ізде­дім. Қарасам, ол көліктің астында жатыр. Жағдайы мүшкіл. Мина басының, миының қақпағын жұлып әкетіпті. Қан сорғалап ағуда. Көлік өртенуі тоқтар емес. Жалма-жан Берікті көлік астынан алып, 100-120 метр жерге дейін апардым. Қазір көлік жарылса, залалы тимесін дегенім еді. Бір­шама ұзаған соң соңымызда қалған кө­лік­ке қарадым, көліктің тенті өртеніп тоқ­тапты. Борты темір болған соң от әрі қа­рай түспеген сыңайлы...

Көлікке қайта баруға бекіндім. Мүмкін, майор мен жүргізуші тірі шығар... Маған алғашқыда солай көрінген болар, аптеч­каны да алайын дедім іштей. Қайта орал­дым. Көзім алдамапты. Майор мен Костя көз жұмыпты. Аптечка да жоқ. Көлікпен қо­са жанып кеткен. Беріктің қанын тоқтату керек. Касканың ішінен киіп жүретін тоқы­ма шапкамды алып, сонымен тоқтатқандай болдым. Бірақ аузынан қан кетіп жатты. Сөйт­сем, кейін көмек келгенде білдім, қос өкпесіне де жарықшақ қадалыпты. Ол: «Мені тастап кет. Жүре алмаймын», – деп сан­дырақтай бастады. Біраздан кейін мүл­де сөйлеуге шамасы келмей қалды. Бірақ қолымнан тас қып ұстап алған... Қайтпек керек? Жанарына көзім түсіп еді, жан дү­нием астан-кестең болды... Шарасыз­дық қиын екен...

Ұялы телефон шоқылардың басынан ұстап қалар деген ниетпен әр төбенің ба­сына жүгірдім. «Шок» күйіндегі әрекетім ғой... Не істеу керек? 18-20 шақырым жер­дегі Байқоңырға баратын тас жолға шығу керек деп түйдім. Беріктің жарасын таңып, қалдырып, Аллаға тапсырып, жүгі­ре жөнелдім. Жеделдетіп көмек шақыру керек. Беріктің халі өте ауыр. Бізді іздеп та­бады деп күтіп отыратындай жағдай ем­ес. Қазір күндіз. Ал іздесе, кешкілік 7-ден кейін көлік қайтып келмеген сәтте іздемек. Оған уақыт жоқ. Екі адам көз жұмды, Бе­рік­тен қан кетіп жатыр...

Жобамен төтелеп жүгірдім. Жүгірген­нен жүгіріп, тас жолға шықтым. Құдай ай­дап, тас жолда жанар-жағармай көлігі келе жатыр (Приозерск қаласында – Ресей Федерациясының әскери бөлімі бар). Әлгі көлікті тоқтаттым. Ішінде Ресей Федера­ция­сының офицері мен тағы екі азамат бар екен. Оларға болған жайды баяндап, кө­мек сұрадым. Ресей капитаны өзінің өзге елдің офицері екенін, жөн-жосықсыз ол жаққа бара алмайтынын айтты. Оныкі де жөн. Сондықтан ұялы байланыстың же­лі­сі пайда болған сәтте дереу хабарласуын өтініп, байланыс телефондарын бердім. Ап­течкаларын сұрап алдым да, кері қайт­пақ болдым. Бар ойым – Берікте. Сол сәтте Ресей капитаны: «Капитан, сіз жаралысыз ғой», – деді. Сонда барып өз үстіме мән бер­дім. Үстіме киген бушлаттан қан там­шы­лап тұр. Иығымның тұсынан, бушлаттан қан сыртына шығып кетіпті. Сонда ғана иығымның ауырғанын сез­дім. Оның ал­дында басым ауырып келе жатқанын біл­генмін. Ол контузиядан екен. Ресей офи­цері жарамды таңып бергісі келді. Олай отыратын уақыт жоқ. Осы екі аралықта 3-4 сағат уақыт өтіп кетті. Айдалада Берік жа­тыр. «Жоқ, уақыт жоқ, өзім бірдеңе етіп таңып аламын» деп аптечканы алып, кері қайттым. Бірақ алдыңғы арын жоқ.

Өзімнің жараланғанымды сезгеннен кейін бе, әлсіреп, жүрісім де өнбей қалды. Жаралы екенімді білуім моральдық тұр­ғы­да жігерімді жаншып жібергендей еді. Әл­де шаршадым ба деп ойладым. (Кейін дә­рігерлер айтты, біраз қан жоғалтып алып­пын). Енді төте, жолсызбен қайтсам, ар­тым­нан келер көмек мені мына түріммен таба алмай қалуы мүмкін. Бір жерде құлап қалсам, Беріктің қайда екенін, көліктің қай­да қалғанын іздеп әуреге түседі. Сон­дық­тан айналма жолмен жүрейін деп бе­кін­дім. Ол әжептәуір ұзақ. Жолмен жүрге­нім жақсы болған екен, қанша өткенін білмеймін, соңымнан көмек келді. Әскер­де бәрі жедел ғой. Әлгі Ресейдің офицері хабар берісімен, бірден көмекке шыққан екен. Жолдан мені салып алып, алғашқы кө­мек көрсетіп, Берікке келдік. Берікке ал­ғашқы дәрігерлік көмек көрсетілісімен ес-түс­тен айырылып қалды. Мен де есімнен танып қалыппын. Біраз күн ес-түссіз жат­тық. Берікке бірнеше рет операция жасал­ды. Қазір денсаулығына байланысты үйін­де. Маған минаның алты жарықшағы кі­ріп­ті. Қадалған жарық­шақтар иығымның сүйегін жарып жібер­ген екен».

Үйде қалған екі сәбиінің періштесі қақ­қан шығар Жасұлан дәл тұмсығының ас­ты­нан жарылған минадан аман қалды. Көлік сирек жүретін, аптасына Ресей әске­рі­нің бір-екі көлігі ғана өтетін тас жолмен сол күні жанар-жағармай көлігінің кезде­суі де Жаратқанның көмектескені, сірә. Жасұланның абдырамай, тас түйін шешім қабылдауы – Беріктің өмірін сақтап қал­ғаны даусыз. Жауынгерлік міндетін мінсіз орындады. Абыроймен атқарды. Мұнан кейін де талай миналарды залалсыз­дан­дыр­ды. «50–60 болып қалады», – дейді. Өйткені аймақ бойынша саперлер тобы­ның жетекшісі – өзі. Аймақтағы мина ал­қа­бында алшаң басып, ондағы жарылғыш­тарды жоюға Жасұланға ғана құзыр бе­ріл­ген. «Қайғылы оқиғадан кейін залалсыз­дан­дыруға барғанда жүрегіңіз дауала­ма­ған сәттер болмай ма?» – деп сұрадық. «Жа­сыратыны жоқ, кейде сол оқиға ойға оралғанда толқитыным рас», – дейді. Үн­сіз түсіндік.

Жасұлан 2012 жылдың 7 мамырында «Жа­уынгерлік ерлігі үшін» медалімен ма­ра­патталды. Оны Елбасының қолынан ал­ды. Ерлік жасадым деп өзеуреп тұрған жоқ. Қайта әскерге тән тәртіппен, сөзі де, жүріс-тұрысы да тап-тұйнақтай. Көзінде – от, жүрегінде жалын бар. Небары 15 жасында ауылдан әскери мектепке оқуға аттанған бозбала өмірін бүтіндей еліміздің әскеріне арнауды жөн көріпті.

Қарапайым ғана қазақтың ауылынан шыққан қазіргі заманның қаһармандары осындай болса керек-ті. Бейбіт өмірдің бір белгісіз батырының бұқараға беймәлім ерлігі жазылған өмірінің бір парағы бұл...




Көрілген: 3079    Пікірлер: 0

сейсенбі, 07.05.2013, 12:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31