Күш құрылымдарына жұмысқа тек әскери билетпен ғана алатын заңды өзгерту керек пе?

07 мамыр 2013, 12:39

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Солай дұрыс та шығар. Себебі қа­зір­гі жастар арасында «Ота­ным» деп ұрандайтындар некен-саяқ. Көпшілігі­нің ойлайтыны – жеке бастың мүд­­десі, яғни әскери билет. Әскери кафедралар­да­ғы жағ­дай да – осы. Көксейтіндері – сол бір құжат. Мұндай мүмкіндікті жібе­ріп алғысы келмейтін ЖОО-лар әскери билетті тауарға айналдырып, сау­даға са­луда. Мен былай дер едім: әскери билетті жемқорлық жол­мен алғандар – ертеңгі күнгі жем­қор­лар­­дың өздері. Былайша айтқанда, ке­ден, салық, ҰҚК, прокуратура сияқты орын­дарға жұмыс­қа тұру үшін әскери би­лет қажет. Мұн­дай жұмыстың қызықтыратыны – жала­қысы емес, оңай жолмен олжа табуға оңтайлылығы. Шетелдерде әс­кери би­летті талап етпейді. Жұмысқа тұ­­рарда сол орган өзі жан-жақты дайын­дық­­тан өткізеді. Ақыры әскери билет тө­­ңіре­гін­дегі былық-шылыққа тосқауыл қоя ал­майды екенбіз, бізге де сондай жүйе ен­гізу керек шығар. Сонда біз жем­қор­­­лықтың алдын аламыз әрі күш құ­­ры­лым­дарын сауатты кадрмен қамтамасыз етеміз. Менің ойымша, әскер қатарына шақырылған жастарды шын­дық детек­торымен сынау керек. Оған әс­кери би­лет қана керек пе, әлде Отан алдындағы борышын өтеу маңызды ма?

Сөз соңында айтарым, қалтасы қа­лың­дар балаларын әс­кер­ге жібермейді. Олар әс­ке­ри кафедраларда оқиды. Бол­маса әск­е­ри билетті сатып алады. Әй­теуір, «қанаттыға қақ­­тырмайды, тұм­сық­тыға шоқыттыр­май­ды». Зар­дап ше­ге­тіндер – баяғы қа­­ра­пайым­дар. Неге зардап шегетіндер? Өйткені қазір әс­керде әлімжеттік тыйылмай тұр. Өз-өзі­не қол жұмсайтындар да азаяр емес.
Таир Назханов, заңгер:
– Әскери билет жай ғана қағаз бол­мауы тиіс. Қолында әскери билеті бар жауынгер тек рухы биік емес, әрі сауат­ты, әрі шымыр болуы шарт. Ал әскер –дәл осындай азаматты дайындап шыға­ра­тын орта. Күшті мектеп. Өкінішке қа­рай, қазір әскери билет сатылып жатыр. Бұл біздің елдігімізге үлкен сын дер едім. Еліміздің, жеріміздің тыныштығын күзететін Қарулы Күштерде жемқорлық орын алып жатса, кімге сенеміз? Сон­дық­тан да бақылауды, мейлінше, кү­шей­ту керек. Жазаны қатайтқан дұрыс. Ал күш құрылымдарына жұмысқа тек әске­ри билетпен ғана алатын заңды өзгерту қажет деп санамаймын. Өйткені атал­ған салаға жұмысқа қабылданатын адам­ның әскерде болған-болмағанын қалай дәлелдейді? Құқық қорғау орга­ны сияқты қызметке тек әскери дайын­дық­тан өткен азаматты ғана алмаса та­ғы болмайды. Менің ойымша, ең бас­тысы, әскери билетті беру жүйесін мо­дер­низациялау керек.

Азат Қонысбек, кәсіпкер:
– Мен өзгерту керек дер едім. Мәсе­лен, күш құрылымдарына жұмысқа тек әскери билетпен ғана алады. Ал сол заң­дық күші бар билетті кімнің қалай алып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Бар ма – бар, болды. Біреу сатып ала­ды, біреу борышын өтеп алады. Он­дай қызметке, негізінен, таныс-тамыр­лары барлар тұрып жатады. Ол жасы­рын емес. Демек, олардың арасында би­летті сатып алғандар басым болуы әб­ден мүмкін. Әскери дайындықтан өтіп, нағыз шыңдалған сарбаздарымыз ондай салаға жұмысқа тұра алмаулары ғажап емес. Мен «анау жемқор, мынау жемқор» деп ешкімнің атын атай ал­май­мын. Алайда «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген бар, әске­ри билетке қатысты түрлі қауесет бар. Демек, жағдай ушығып тұр. Соны ес­кер­сек, әскери билет беру жүйесін түбе­гейлі өзгертпесе болмайды. Бұл бізге абырой әпермейді. Тағы бір айтпағым, қазір ақылы курстар ашылып жатыр. Аз­даған уақытта әскери дайындығы та­лапқа сай жауынгер дайындай ал­май­мыз. Ол айдан анық. Билетті жем­қор­лық жолмен сатып алды не, ашық сатып алды не, екеуінің еш айырмасы жоқ.