Күш құрылымдарына жұмысқа тек әскери билетпен ғана алатын заңды өзгерту керек пе?
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Солай дұрыс та шығар. Себебі қазіргі жастар арасында «Отаным» деп ұрандайтындар некен-саяқ. Көпшілігінің ойлайтыны – жеке бастың мүддесі, яғни әскери билет. Әскери кафедралардағы жағдай да – осы. Көксейтіндері – сол бір құжат. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алғысы келмейтін ЖОО-лар әскери билетті тауарға айналдырып, саудаға салуда. Мен былай дер едім: әскери билетті жемқорлық жолмен алғандар – ертеңгі күнгі жемқорлардың өздері. Былайша айтқанда, кеден, салық, ҰҚК, прокуратура сияқты орындарға жұмысқа тұру үшін әскери билет қажет. Мұндай жұмыстың қызықтыратыны – жалақысы емес, оңай жолмен олжа табуға оңтайлылығы. Шетелдерде әскери билетті талап етпейді. Жұмысқа тұрарда сол орган өзі жан-жақты дайындықтан өткізеді. Ақыры әскери билет төңірегіндегі былық-шылыққа тосқауыл қоя алмайды екенбіз, бізге де сондай жүйе енгізу керек шығар. Сонда біз жемқорлықтың алдын аламыз әрі күш құрылымдарын сауатты кадрмен қамтамасыз етеміз. Менің ойымша, әскер қатарына шақырылған жастарды шындық детекторымен сынау керек. Оған әскери билет қана керек пе, әлде Отан алдындағы борышын өтеу маңызды ма?
Сөз соңында айтарым, қалтасы қалыңдар балаларын әскерге жібермейді. Олар әскери кафедраларда оқиды. Болмаса әскери билетті сатып алады. Әйтеуір, «қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқыттырмайды». Зардап шегетіндер – баяғы қарапайымдар. Неге зардап шегетіндер? Өйткені қазір әскерде әлімжеттік тыйылмай тұр. Өз-өзіне қол жұмсайтындар да азаяр емес.
Таир Назханов, заңгер:
– Әскери билет жай ғана қағаз болмауы тиіс. Қолында әскери билеті бар жауынгер тек рухы биік емес, әрі сауатты, әрі шымыр болуы шарт. Ал әскер –дәл осындай азаматты дайындап шығаратын орта. Күшті мектеп. Өкінішке қарай, қазір әскери билет сатылып жатыр. Бұл біздің елдігімізге үлкен сын дер едім. Еліміздің, жеріміздің тыныштығын күзететін Қарулы Күштерде жемқорлық орын алып жатса, кімге сенеміз? Сондықтан да бақылауды, мейлінше, күшейту керек. Жазаны қатайтқан дұрыс. Ал күш құрылымдарына жұмысқа тек әскери билетпен ғана алатын заңды өзгерту қажет деп санамаймын. Өйткені аталған салаға жұмысқа қабылданатын адамның әскерде болған-болмағанын қалай дәлелдейді? Құқық қорғау органы сияқты қызметке тек әскери дайындықтан өткен азаматты ғана алмаса тағы болмайды. Менің ойымша, ең бастысы, әскери билетті беру жүйесін модернизациялау керек.
Азат Қонысбек, кәсіпкер:
– Мен өзгерту керек дер едім. Мәселен, күш құрылымдарына жұмысқа тек әскери билетпен ғана алады. Ал сол заңдық күші бар билетті кімнің қалай алып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Бар ма – бар, болды. Біреу сатып алады, біреу борышын өтеп алады. Ондай қызметке, негізінен, таныс-тамырлары барлар тұрып жатады. Ол жасырын емес. Демек, олардың арасында билетті сатып алғандар басым болуы әбден мүмкін. Әскери дайындықтан өтіп, нағыз шыңдалған сарбаздарымыз ондай салаға жұмысқа тұра алмаулары ғажап емес. Мен «анау жемқор, мынау жемқор» деп ешкімнің атын атай алмаймын. Алайда «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген бар, әскери билетке қатысты түрлі қауесет бар. Демек, жағдай ушығып тұр. Соны ескерсек, әскери билет беру жүйесін түбегейлі өзгертпесе болмайды. Бұл бізге абырой әпермейді. Тағы бір айтпағым, қазір ақылы курстар ашылып жатыр. Аздаған уақытта әскери дайындығы талапқа сай жауынгер дайындай алмаймыз. Ол айдан анық. Билетті жемқорлық жолмен сатып алды не, ашық сатып алды не, екеуінің еш айырмасы жоқ.