ӘЧ-2022: Қазақстан құрамасы Босния және Герцоговинадан жеңіліп қалды

09 қазан 2021, 21:44

Футболдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Босния және Герцоговина құрамасымен кездесіп, жеңілді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

 

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесу 0:2 есебімен Босния және Герцоговина құрамасының пайдасына аяқталды.

 

Бұл ойын алдында Талғат Байсуфинов жаттықтыратын Қазақстан құрамасында бірнеше негізгі ойыншылар болмады. Олардың қатарында - шабуылшылар Абат Айымбетов пен Артур Шушеначек, жартылай қорғаушылар Асхат Тағыберген мен Азат Нұрғалиев, қорғаушы Александр Марочкин болды.

 

Осы ойыншылардың жоқтығына байланысты бас бапкеріміз құрамаға бірнеше өзгеріс енгізді. Ресейдің "Роторы" сапында ойнайтын Алексей Щеткин орталық шабуылшы позициясына жайғасса, қорғаныстың ортасын Юрий Логвиненко шықты. Айтпақшы, осы кездесуде "Ақтөбе" ойыншысы біздің құраманы капитан ретінде алаңға бастап шықты.

 

Кездесуде Қазақстан құрамасы сәтті бастады. Тіпті алғашқы бес минутта қарсыласқа доп бермеді де. Бірақ сол бес минуттан кейін босниялықтар басымдықты өз қолдарына алды.

 

 

Қонақтардың құрамында қос қапталдағы қорғаушылар Сеад Колошинац пен Мирослав Стеванович көп біздің қақпаға көп қауіп төндірді. 25-минутта сол Стевановичтің шығарып берген пасынан кейін Смаил Превляк допқа бірінші жетіп, кездесудегі есепті ашты.

 

 

Бірінші таймда Эдин Джеко бастаған Босния құрамасы тағы да гол соғатын мүмкіндіктерге ие болды. 42-минутта Элдар Цивич айып добын орындаған. Абырой болғанда бұл доп біздің қалқан боп тұрған ойыншыларға тиіп кетті.

 

Ойынның екінші бөлігін де Қазақстан құрамасы жақсы бастады. Дегенмен қанша шабуылдаса да Ибрахим Шехич қорғаған қақпаға қарай бірде-бір тура соққы жасай алмады.

 

66-минутта қонақтар екінші голын соқты. Көзге түскен тағы да сол Превляк. Бельгиялық "Эйпен" командасының шабуылшысы бұл жолы капитан Джеконың пасын пайдаланып, Покатилов қақпасынан екінші мәрте саңылау тапты.

 

 

Арада екі минут өткенде Қазақстан құрамасы есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Исламбек Қуат айып алаңына кірмей тепкен еді. Дегенмен оның соққысын Шехич оңай қайтарды. Бұл біздің құраманың осы ойындағы қақпаға қарай дәл тепкен бірінші соққымыз болып тіркелді.

 

Осыдан кейін біздің ойыншылар допқа қанша иелік еткенімен, бәрібір қарсылас қақпасына гол соға алмады. Негізі кездесудің қосымша уақытында гол соққан едік.Алайда бұл жерде төреші қақпашыға шабуыл болды деп, есепке алмады. Сөйтіп ойын осылай мәресіне жетті.

 

Айта кетейік, D тобына жайғасқан Қазақстан құрамасында алты ойыннан кейін 3 ұпай ғана бар. Біздің құрама топтың соңғы орынына түсіп қалды. Ал Босния және Герцоговине құрамасында бес ойыннан кейін 6 ұпай болды. Осылайша Ивайло Петев шәкірттері уақытша екінші орынға шықты. Көш басында 12 ұпай еншілеген Франция құрамасы тұр.

 

Енді Талғат Маруаұлының тәлімгерлері келесі кездесуін 12 қазан күні дәл осы "Астана Арена" стадионында өткізеді. Қарсыласымыз Финляндия құрамасы болады.

 

Суреттер: Тұрар Қазанғапов.