Аңыз адам – Пеле дүниеден озды

30 желтоқсан 2022, 09:28

Бразилия футболшысы әрі ғасыр адамы, көпшілікке Пеле деген атпен танымал Эдсон Арантис ду Насименту дүниеден озды. Әлемдік футболдың аңыз тұлғасы 82 жаста еді, деп хабарлайды Zakon.kz.


Пеленің қызы Кристина Насименту Instagram-дағы парақшасында қаралы хабармен бөлісті.


"Бізде бардың барлығы, Сіздің арқаңыз. Біз Сізді шексіз жақсы көреміз. Жаныңыз жай тауып, жәннатта шалқысын".

2021 жылдың қыркүйегінде Пеленің тоқ ішегіндегі ісікті алып тастау үшін ота жасалып, ол бір айға жуық ауруханада жатты, содан кейін де спортшы бірнеше рет ауруханаға түсті.

26 желтоқсанда Пеле отбасымен қоштаса бастағаны туралы ақпарат тарады. Чемпионның жағдайы күн өткен сайын нашарлай түскен.

Пеле - әлемдік футбол тарихында үш рет әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы (1958, 1962, 1970). Ол 92 матчта 77 гол соқты. Кәсіби мансабында Пеле 1 281 гол соққан, сонысымен де ол Гиннестің рекордтар кітабына енген.