ЧЛ: Лионель Месси «Барселона» сапында 700 ойынын өткізді
Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық сатысындағы бесінші тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
F тобында сынға түсіп жатқан Испанияның «Барселона» клубы алғашқы төрт турда жарыстың келесі сатысына берілетін жолдаманы ала алған жоқ. Екі ойында жеңіске жетіп, екі ойында тең нәтижені қанағат тұтты. Сондықтан бүгінгі кездесуде жеңіске жету жолын іздейтіні белгілі еді.
Ойын барысы дәл солай өрбіді. Германияның «Боруссия» (Дортмунд) командасы қақпасына бірінші кезеңнің 29 және 33-минуттарында Луис Суарес пен Лионель Месси қос гол соғып кетті. Ал 67-минутта «Барселона» шабуылшысы Антуан Гризманн есепті ұлғайтты.
«Боруссия» ойыншысы Джейдон Санчо 77-минутта мергендігімен көзге түсті. Кездесуде «Барселона» 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, белгілі футболшы Лионель Месси бүгін «Барселона» сапындағы 700 ойынын өткізді.
«Барселона» жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Бұл топта Италияның «Интері» Чехияның «Славиясын» сырт алаңда 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Е тобындағы Англияның «Ливерпуль» командасы да биыл аталмыш доданың алғашқы төрт турында үш мәрте жеңіске жетті. Десе де бұл жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама тағдырын шеше алмаған болатын. Топтағы басты қарсыласы - Италияның «Наполи» командасымен кездескен ағылшындық клуб бірінші кезеңде өз қақпасына гол жіберіп алды. Ойынның 21-минутында «Наполи» футболшысы Дрис Мертенс «Ливерпуль» қақпашысын қапы қалдырып кетті. Ал 65-минутта ағылшындық клуб ойыншысы Деян Ловрен таразы басын теңестірді. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Аталмыш топта Аустрияның «Зальцбургі» сырт алаңда Бельгияның «Генк» командасын 4:1 есебімен жеңді.
G тобында Ресейдің «Зениті» өз алаңында Францияның «Лионын» 2:0 есебімен тізе бүктірсе, Германияның «Лейпцигі» мен Португалияның «Бенфикасы» 2:2 есебімен тең түсті.
H тобында бүгін Испанияның «Валенсия» және Англияның «Челси» командалары арасындағы кездесуде 2:2 есебі тіркелсе, Голландияның «Аяксі» Францияның «Лилль» клубынан 2:0 есебімен басым түсті.
Кеше UEFA Чемпиондар лигасындағы алғашқы төрт топтағы ойындар өткізілген болатын.