Футболдан әлем чемпионатына қатысқан құрамалардың қанша сыйақы алатыны белгілі болды

23 желтоқсан 2022, 11:30

Қатарда футболдан өткен әлем чемпионатына қатысқан ұлттық құрамалардың қанша сыйақы алатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

NBC Sports мәлім еткеніндей, Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) бұл мақсатқа барлығы 410 млн-нан астам еуро қаржы бөлген.

Топтық бәсекеден аса алмаған Қатар, Эквадор, Уэльс, Иран, Мексика, Сауд Арабиясы, Дания, Тунис, Канада, Бельгия, Германия, Коста-Рика, Сербия, Камерун, Гана және Уругвай командалары 8,5 млн еуродан алады.

Сондай-ақ 1/8 финалдан кейін шығып қалған АҚШ, Сенегал, Аустралия, Польша, Испания, Жапония, Швейцария және Оңтүстік Кореяның үлесіне 12 млн-дай еуродан тиді. Ширек финалға жеткен Бразилия, Нидерланд, Португалия, Англияға 16 млн-нан сәл астам еуродан беріледі.

Төртінші орынға табан тіреген Марокко 23,5 млн-ға, қола медаль иегері Хорватия 25,5 млн-ға жуық еуроға қол жеткізеді.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Франция - 28 млн, жеңімпаздар – Аргентина құрамасы 37,5 млн еуродан алмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан ұлттық құрамасының ФИФА рейтингісіндегі орны анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Роналду «Аль-Наср» клубымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасады.