Бүгін футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің сегізінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көш басында келе жатқан Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Жамбыл облысының «Тараз-Қаратау» командасымен 1:1 есебімен тең түсті.
Турнир кестесінде көш басында жүрген тағы бір ұжым Көкшетаудың «Оқжетпесі» елордада «Астана-2» клубымен дәл сондай нәтижеге қанағат білдірді.
Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Қызылорданың «Байқоңырын» 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Түркістанның «Яссы» клубы «Қайрат-2» клубынан 1:4 , Қарағандының «Шахтер-Болаты» Шымкенттің «Қыран» командасынан 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Сондай-ақ, «Оңтүстік Академия» өз алаңында «Екібастұзға» 1:2 есебімен жол берсе, Жамбыл облысының «Игілігі» елордалық «Жеңісті» 2:0 есебімен сүріндірді. Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан ел біріншілігінде «Қайрат» «Мақтаралдан» басым түскен еді.