Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасын жеңіспен бастады

04 маусым 2022, 16:43

Футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасындағы жаңа маусымның алғашқы матчында Әзербайжанды жеңді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ойын "Астана Аренада" өтті. Кездесу 2:0 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Екі гол да үзілістен кейін соғылды. 50-минутта Абат Айымбетов алыстан дәл соққы жасап, Қазақстан алға шықты. Араға тура он минут салып, Айымбетов екінші голын соқты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы үш ұпай еншілеп, 3-топта көш бастады. 

Енді Магомед Адиев шәкірттері сырт алаңда екі матч өткізеді: 6 маусымда Словакиямен, 10 маусымда Беларусьпен күш сынасады.