"Жылама, әке, сен үшін әлем чемпионатын жеңемін"

30 желтоқсан 2022, 12:33

Футбол патшасы Пеле 82 жасында дүниеден өтті. Бразилиялық аңыз өмірінің соңын ауруханада өткізді. Футболшы тоқ ішек қатерлі ісігінен емделіп, жазыла алмады. Massaget.kz тілшісі талай рекордтың иегері, өткен ғасырдың үздік ойыншысы Пеле қалай тарихта қалғанын жазады.

 

"Бүкіл Бразилия өз құрамасына сенбейтіндей көрінді"

Тарихтағы ең атақты футболшы Пеленің шын есімі - Эдсон Арантис ду Насименту. Ол дүниеге 1940 жылы 23 қазанда Бразилияның шағын Трес-Корасойнс қалашығында келген. Бала кезінен футболға әуес болды, Пеле деген лақап ат та сол кезде пайда болыпты. Бірақ футболшының өзі Пеле деген ат қалай шыққанын білмейді екен.

Пеленің әкесі Дондиньо да кезінде футболшы болған, бірақ жарақатына байланысты карьерасын аяқтапты. Дегенмен Дондиньо ұлына алғашқы ұстаз болып, футболдың қыр-сырын үйреткен.

Бар болғаны 15 жасында Пеле сол кездегі атақты "Сантостың" ойыншысы атанды. Бірақ анасы оның футболшы болуына қарсы шыққан, себебі әкесінің тағдырын қайталай ма деп қорыққан. "Сантосқа" бармайсың, мұғалім болуың керек" депті анасы. 

"1950 мен 1954 жылдан кейін бүкіл Бразилия өз құрамасына сенбейтіндей көрінді", - деп еске алады Пеле.

Дегенмен, Пеле "Сантоста" жүріп-ақ әлемге танылды. Бұл клубтағы 19 жылында 11 мәрте Сан-Паулу штатының чемпоны болды, алты рет Бразилия кубогын, екі мәрте Либертадорес кубогын жеңіп алған.

 

"Әкем көз жасына ерік берді"

Бірақ Пелені Пеле еткен "Сантос" емес, Бразилия құрамасы деуге болады. Ол кезде де Бразилия азулы құрама еді, бірақ ешқашан әлем чемпионы болып көрмеген. 1950 жылы кубокқа өте жақын болып, финалда жеңіліп қалған болатын.

"Бразилия 1950 жылғы әлем чемпионатында "Мараканада" ойнағаны есімде. Ол кезде 10-да едім. Әкем мен достары мерекеге деп ас дайындады. Бразилия әлем чемпионы болады деп күтті. Бірақ біздің құрама жеңіліп қалды. Әкем көз жасына ерік берді. Бәрі жылады, бір сағат бұрын ғана мерекелік атмосфера еді. Мен ештеңе түсінбей, "Әке, неге жылап жатсың?" деп сұрадым. Ол "Себебі Бразилия әлем чемпионатында жеңіліп қалды" деді. Мен оны жұбатып, "Жылама, сен үшін әлем чемпионатын жеңемін" дедім", - деп еске алады Пеле "Мен әлем чемпионатының финалында гол соқтым. 34 оқиға" кітабында.

1957 жылы Пеле Бразилия құрамасында дебютін өткізді. Бір жылдан соң әлі 17 жастағы футболшы Швециядағы әлем чемпионатына қатысты. Алғашқы екі турда қосалқы құрамда қалды. Үшінші турдан бастап негізгі құрамға ілікті. Нәтижесінде Пеле Бразилия құрамасына кубок алып келді. Ширек финалда бір, жартылай финалда үш, ал финалда Швеция қақпасына екі гол соқты. Осылайша, әлем чемпионы болған ең жас ойыншы атанды.

"Финалда Швециямен кездестік. Алаң иелерімен ойнаймыз, өте ауыр матч болады деп ойладық. Ал матч өте оңай болды, біз бес гол соқтық. "Менің әлем чемпионатында ойнап жатқанымды әкем көрмегені өкінішті" деп ойладым. Бутса киіп жатып, әкем мен анам туралы ойладым. Олар радиодан репортаж тыңдап отырды ма, жоқ па - білмедім. Ол кезде телевизия болмады. Швеция патшасы менің қолымды алу үшін трибунадан алаңға түскенде, басыма "Құдайым-ау, мұны әкем Бразилияда біліп отыр ма екен?" деген ой келді", - дейді Пеле.

8 жыл бұрын әкесіне "жылама" деген 17 жастағы жігіт енді өзі алаңда жылап тұрды. Бірақ, өкініштен емес, қуаныштан.

1962 жылы Чилидегі әлем чемпионаты алдында 21 жастағы Пеле нағыз бабында болды. Бірінші турда Мексика қақпасына бір гол соқты, бір нәтижелі пас берді. Бірақ екінші турда жарақат алып қалды. Сондықтан турнирді жалғастыра алмады. Бірақ Бразилия Пелесіз де әлем чемпионы атанды. 

1966 жылғы әлем чемпионаты Бразилияға өте сәтсіз болды - команда топтан шыға алмай қалды. Пеле екі ойынға қатысып, бір гол соқты. 

Төрт жылдан кейін Пеле тағы бір әлем чемпионатына қатысты. Ол кезде Пеле 30-ға таяп қалған тәжірибелі футболшы еді. Мексикадағы додада Пеле әр матчтан нәтижесіз кетпеді. Алты ойында төрт гол соғып, алты нәтижелі пас берді. Италияға қарсы финалда Пеле бір гол соғып, екі ассист жасады.

Осылайша, әлем чемпионатының екі бірдей финалында гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Одан бөлек, Пеле - бүгінге дейін үш рет әлем чемпионы болған жалғыз футболшы.

Жалпы алғанда, Пеле Бразилия құрамасында 92 матч өткізіп, 77 гол соққан - биыл оның құрамадағы рекордын Неймар ғана қайталай алды.

 

"Ұлт мақтанышы"

Пеле карьерасын толығымен "Сантоста" өткізіп, тек 35 жасында америкалық "Нью-Йорк Космосқа" ауысты. Ол жақта 2 жыл ойнап, қартаң тартса да, 64 матчта 37 гол соқты. Сол сәтте Пеле әлемде ең көп жалақы алатын футболшы атанды, ал АҚШ-та футбол кеңінен таныла бастады. Стадионға келетін жанкүйерлер саны он есеге өскен.

Жалпы, футбол аңызы өз карьерасында 1363 матчта ресми тіркелген 1281 гол соқты. Оның карьерасындағы ең нәтижелі жыл 1959 жыл болды: сол кезде 126 гол тоғытып тастаған.

Пеле 92 хет-трик жасаған, 30 ойында төрт гол соққан, тағы алты ойында қарсылас қақпасына бес доп салған. Футбол патшасының тағы бір бірегей жетістігі: 1964 жылы ол "Ботафаго" қақпасына сегіз гол соққан.

Футболшы мыңыншы голын 1969 жылы 19 қарашада "Васко да Гамаға" қарсы ойында пенальтиден соқты. Сол кезде Бразилия Байланыс министрлігі арнайы пошта маркасын шығарған. "Сантоста" 19 қарашада Пеле күні атап өтіледі.

Бразилия билігі Пелені "ұлт мақтанышы" деп атады. Пеле спорт карьерасында 88 елге барып, тоғыз патшамен, бір патшайыммен, 70 президентпен және екі Рим папасымен кездескен.

Карьерасын аяқтаған соң ол фильмдер мен жарнамаларға түсті, кітаптар жазды, 90-жылдардың ортасында Бразилия жастар, туризм және спорт министрі болып та қызмет атқарды. Одан бөлек, телекомментатор, бизнесмен, әнші ретінде де танылған.

1999 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті Пелені жүзжылдықтың ұлы спортшысы деп атаған. ФИФА да оны ХХ ғасырдың үздік футболшысы деп таныды.

Өкінішке қарай, Пеле ешқашан "Алтын доп" алып көрмеген. Себебі ол ойнаған кездерде "Алтын доп" тек Еуропа клубтарында ойнайтын футболшыларға ғана берілген. Дегенмен 2014 жылы ФИФА президенті Йозеф Блаттер Пелеге құрметті сыйлық ретінде "Алтын доп" табыстады.