Қазақстан құрамасы жағажай футболынан Еуролига-2022 турнирінің топтық бәсекесін ірі жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан футбол федерациясынан мәлім еткеніндей, жарыс Молдова астанасы Кишиневте өтіп жатыр.
Қазақстандықтар «Б» дивизионында «С» тобында Норвегия, Грузия және Грекия құрамаларымен бірге өнер көрсетеді. Алғашқы кездесуінде Қазақстан құрамасы Норвегияны 7:3 есебімен ойсырата ұтты. Болат Әленов жаттықтыратын қазақстандық жағажай футболы шеберлері келесі матчын 28 шілде күні Грузиямен өткізеді.
Ойын елорда уақытымен сағат 15:00-де басталады. Еуролига-2022 алдағы жылы Краковта (Польша) өтетін Еуропа ойындарының іріктеу сайысы ретінде ұйымдастырылып отыр. Еуропа ойындарына алаң қожайыны ретінде Польша, Еуролига-2022 суперфиналының алты үздік құрамасы және «В» дивизионынан бір озық команда қатысады. «В» дивизионының төрт үздік құрамасы алдағы жылы «А» дивизионына ауысып, 16 команда қатарында өнер көрсетеді.
Фото: kff.kz