Криштиану Роналду мәлімдеме жасады

25 қазан 2021, 23:00

"Манчестер Юнайтедтің" португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду "Ливерпульмен" болған сәтсіз ойыннан кейін үндеу жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Роналду Instagram парақшасында "Манчестер Юнайтед" Англия чемпионатының тоғызыншы турында "Ливерпульмен" 5:0 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады.

 

"Кейде нәтиже біз күткендей болмайды. Кейде таблодағы сандар біз көргіміз келгендей шықпайды. Әрине, бұл үшін біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Тек өзіміз кінәліміз. Жанкүйерлер бізді үнемі қолдап отырды. Олар әлдеқайда жоғары нәтижеге лайық, біз бұдан жоғары нәтижеге жетуіміз керек. Уақыт келді!"- деп жазды Роналду.

 

 

"Манчестер Юнайтед" 1955 жылдан бері алғаш рет өз елінде 5:0 есебімен ұтылды. Ойын Манчестердегі "Олд Траффорд" стадионында өтті. Футбол клубы қазір Премьер-лигада жетінші орында және Көшбасшы Челсиден сегіз ұпай артта қалды.

 

©REUTERS

 

"Манчестер Юнайтед" келесі аптада "Тоттенхэммен" кездеседі және 2 қарашада Чемпиондар лигасында Атлантамен сырт алаңда ойнайды.

 

Еске салайық, 2021 жылдың 27 тамызында "Манчестер Юнайтед" туриндік "Ювентуспен" португалиялық футболшы Криштиану Роналдуды ауыстыруға келіскен болатын.