"Шахтер" футбол клубы құрдымға кетудің алдында тұр
Қарағанды футболы құрдымға кетуге жақын. Себебі, бұл өңірдің намысын қорғайтын «Шахтер» басшылары клуб ойыншыларынан әлі қарыздарын толық өтеп берген жоқ. Сондықтан да келер маусымда бұл ұжымның ел біріншілігінде өнер көрсетуінің өзі белгісіз болып тұр, деп жазады «Алаш айнасы».
Қарағандының «Шахтер» клубының жылдық бюджеті 2 миллиард теңгеге тең келеді. Алайда, жыл басында ұжымның алдына жоғары мақсат қойылғандықтан бюджетті биыл 2 миллиардтан 2,4 миллиардақа дейін көтерген еді. Бұл қаржы сол кездегі Қарағанды облысының әкімдігімен де мақұлданған болатын.
«Шахтер» клубы облыс әкімдігі тарапынан қаржыландырылатын болғандықтан бұл сома клуб қазынасы бірден келіп түспейтіні белгілі. Оны әкімшілік жілік-жілікке бөліп береді. Маусым басы мен ортасында клуб қатарында қаржы тұрғысынан ешқандай проблемма болмаған еді. Алайда, маусымның екінші бөлігінің басынан бастап клуб қаржылық қиындықтарға тап болды.
«Шахтер» ойыншылары жан-жаққа шашырап кетуі мүмкін
Қолдағы бар мәліметтерге қарағанда «Шахтер» ойыншылары соңғы екі айдың жалақысын ала алмай отырған көрінеді. Ал ол қарыздың өзі аз ақша емес – 250 миллион теңге. Маусымды аяқтау үшін клубқа тағы да 250 миллион теңге қажет.
Қазақстан футбол федерациясының заңы бойынша екі ай көлемінде клубтан жалақы алмаған ойыншы бір жақты келісім бойынша шартнаманы бұзып, басқа клубқа ауысуына құқығы бар. Сондай-ақ ол футболшы клубты өз уәдесін орындамағаны үшін сотқа да бере алады.
Енді клуб ішіндегі мұндай келеңсіз жағдайға байланысты ойыншылар ұжыммен қош айтысуы ықтимал. Командадан кететіндердің қатарында бас бапкер Виктор Кумыков та бар. Одан бөлек ұжымды өрге сүйреп жүрген Ұлан Қонысбаев, команданың капитаны Андрей Финонченко, Гедеминас Вичюс және тағы 7 негізгі құрамның ойыншылары кетіп қалуы мүмкін.
Әкімнің орнынан кеткені, бастан бақтың өткені
Өткен жылғы толағай табыстардан кейін «Шахтер» клубының алдына биыл да жоғары мақсаттар қойылған еді. Өйткені, өткен жылғы көрсеткішке қол жеткізу үшін кеншілер небәрі 2 миллион теңге жұмсаған. Биыл бюджеттің көлемін де жоғарылатып, «Шахтер» алдына былтырғы нәтижеден асып түсу деген мақсат қойылды. Мұны бапкер де ойыншылар да мойындарына ауыр жүк етіп іліп алды.
Алдыға қойылған мақсат қанша ауыр болса да «Шахтер» оны орындап келді. Бірақ, маусымның бел ортасынан өтіп, екінші кезең басталар тұста әкімшілік қаржы бөлмей қойды. Ал, бұған дейін бөлген 1,4 миллион теңге «Шахтер» Еуропа лигасындағы жорығын аяқтар тұста таусылып қалған.
Тура сол кезде Қарағанды облысында да әкім ауысты. Сонан соң облыстағы шенділер бірінен кейін бірі істі болып жатты. Сөйтіп «Шахтер» клубына ақша бөлінбей қалды.
«Шахтер» ойыншылары қаржылық қиындыққа ең алғаш рет тамыз айында тап болған екен. Ол кезде «Шахтер» клубының атқарушы директоры клуб ойыншыларына девальвацияның кесірінен жалақы бере алмай отыр деп түсіндірген еді. Бірақ, кейін Ерден Халилин алғашқы айтқан сөзінен айнып, жағдайды мүлде басқаша түсіндірді.
– Ел біріншілігінде өнер көрсететін өзге клубтарда да мұндай қиындықтар бар. Алдымен әкімшілік уәде етілген ақшаның бір бөлігін береді, кейіннен екінші бөлігін. Сондықтан да біз бюджеттің екінші бөлігін күтіп отырмыз. Бізге ақша қалай түсе салысымен, ойыншылар алдындағы қарыздарымыздан да құтылатын боламыз, – дейді Ерден Халилин
«Шахтердің» тауы шынымен шағылды ма?
Бүгінгі таңда «Шахтер» тек қаржылық қиындыққа ғана тап болып отырған жоқ. Кеншілер келер маусымға демеуші де таба алмай отыр. ҚФФ-ның жаңа қаулысы бойынша келер маусымнан бастап кәсіпқой клубтардың барлығы жекешелендірілуі керек. Сол себепті де «Шахтер» клубы қазір сатылымға қойылған. Ал клубты өз қарамағына алғысы келетін кәсіпкерлер әлі де табылмай тұр. «Шахтерді» ешкім сатып алмаса, клубтың келер маусымда жағдайы қалай болатынын тіпті команданың директоры Ерден Халилин да білмейді.
– «Шахтердің» алдағы уақытта жағдайы қалай болатынын білмеймін. Дегенмен де Қарағанды үлкен футболсыз қалмайды. Менің ойымша, қандай қиыншылыққа тап болмасын «Шахтер» клубы тарқамай, келер маусымда Премьер-лигада өнер көрсетеді, – дейді ол.
Дем беретін демеуші табылмай тұр
Бұл мәселеге қатысты облыс басшылары осы уақытқа дейін ешқандай түсініктеме бермей келген еді. Алайда, өткен апта соңында Қарағанды облысының жаңа әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жалақыға қатысты жанжалға түсініктеме беріп, мәселенің мән-жайын ашып берді.
– Өкінішке қарай, біз қазір бұл акционерлік бірлестікке қатысты қиын жағдайға тап болдық. Қайталап айтамын, акционерлік бірлестікке қатысты. «Шахтер» – шаруашылық жүргізуші субъект, өзінің жұмысын акционерлік қоғам ретінде жүргізіп отырады. Бұған дейін демеушілер бұл акционерлік қоғамға қаржылай көмектесіп тұрды. Бірақ, бүгінгі таңда «Қазақмыс», «Арселор» және өзге де біздің ірі компанияларымыз қаржылық қиындықтарға тап болып отыр. Бұл клубтың демеушілері еді. Өткен жылдан бастап қиындыққа байланысты ақша бөлмей қойды. Сол үшін де барлық ауыртпалық облыс бюджетіне түсіп отыр. Әрине, бюджет мұны көтере алмайды. Сондықтан да біз демеушілер іздестіріп жатырмыз. Дегенмен, демеушіні әлі таппадық. Осы жайттарға байланысты біз футболшылардың алдындағы қарызды жылдың соңына дейін өтеп бере алмаймыз, – дейді әкім.
Автор: Уалихан Қосанбай
Жұлдыз
Радиосы