UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан Словакияны жеңді

14 маусым 2022, 00:00

Футболдан UEFA Ұлттар лигасында С дивизионында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Словакия командасын 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Бұған дейін өз алаңында Қазақстанға 0:1 есебімен есе жіберген Словакия елордаға қалайда қарымта қайтару үшін келген еді. Алайда олардың үміттері ақталмады.

Ойынның 18-минутында оң қапталдағы Михаил Габышевтан пас алған Ян Вороговский есеп ашты. 31-минутта Я.Вороговскийдің тағы бір гол соғатын мүмкіндігі болды. Есесіне 39-минутта тағы да оң қапталдан А.Тағыберген берген допты Эльхан Астанов баспен торға дәл түсірді. Бұл Э.Астановтың ұлттық құрамадағы алғашқы голы еді.

Екінші таймның 51-минутында словакиялық Матуш Бероның айып алаңына кірместен тепкен добы голға айналды – 1:2. Бұдан кейін Игорь Шацкий екі мәрте өз қақпасын аман алып қалды. 87-минутта дөрекі ойнаған словакиялық Ондрей Дуда алаңнан қуылды. Осылайша, қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірген Қазақстан құрамасы ұпай санын 10-ға жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы қалған ойындарын қыркүйек айында өткізеді. 22 қыркүйекте Беларусьті қабылдаса, үш күннен кейін сырт алаңда Әзербайжанмен кездеседі.