Ұлттар лигасы: Финалда сынға түсетін құрамалар анықталды

20 қараша 2018, 15:53

Футболдан Ұлттар лигасы турнирінің финалдық кезеңінде сынға түсетін құрамалар толық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш доп додасы 2019 жылдың 5-9 маусым аралығында Португалияда өткізіледі. Онда А лигасында өз топтарында бірінші орын алған құрамалар қатысады. Атап айтқанда, Голландия, Швейцария, Португалия және Англия құрамалары өзара мықтыны анықтайды.

Ұлттар лигасы финалдық сатысының жеребесі үстіміздегі жылдың 3 желтоқсанында тартылады. Жарыс жартылай финал, үшінші орын үшін сайыс және финалдан тұрады.

А лигасында өз топтарында соңғы орын алған Германия, Польша, Хорватия және Исландия құрамалары В лигасына түсіп қалды.

Ұлттар лигасының соңғы ойындары бүгін ойналады.

Қазақстан құрамасы аталмыш доп додасының Д лигасы бірінші тобында сынға түсті. Барлығы 6 ойын өткізіп, оның бірі жеңіспен аяқталды, үшеуінде тең нәтиже тіркелсе, екі ойында қарсыласына есе жіберді. Алғашқы турда өз алаңында Грузиядан 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін алдымен Андорра, сосын Латвиямен 1:1 есебімен тең нәтиже тіркелді. Ал төртінші турда елордада Андорраны 4:0 есебімен жеңгенімен, бесінші турда өз алаңында Латвиямен тағы да 1:1 есебімен тең түсті. Соңғы ойында сырт алаңда Грузияға 1:2 есебімен есе жіберді.