Сен тұр - мен айтайын!

"Ақ пейіліңді аңғармағаным үшін кешірші" дегім келеді...

  • "Ақ пейіліңді аңғармағаным үшін кешірші" дегім келеді...

-Мектепке бірге барайықшы...

 

Ақ жейдесінің жағасы салтақ-салтақ, көптен су тимеген сарафанының о баста түсі қандай болғаны да белгісіз, ұйысқан шашын қақ төбесіне көнетоз резеңкемен байлай салған қалыпта таңмен біздің үйге келіп тұратын. «Жүре берші!»,- деп жекіп тастаушы едім. Маған онымен бірге мектептің есігінен аттау қорлықтай көрінетін.

 

-Саған қалдырдым,- деп кеше жеген құртының жартысын қолыма ұстата салатын да, көңілсіздеу кейіпте сабаққа кетіп бара жатар еді. Жарты құртты есік алдында етегіме оратылған итіме де беруге жиіркеніп, лақтыра салатынмын.

 

Теледидарда «Галина бланка» деген сорпа текшелерінің жарнамасы алғаш шығып жатқан кез. Ауыл баласына бәрі таңсық. «Кеше біз үйде Галина бланка іштік қой!»,-деді бірде. Бүкіл сынып дүр ете түстік: «Дәмі керемет шығар, ия?». Келесі күні ол сабаққа ерекше көңілді келді. Қоңыр сөмкесінен кішкене ыдысты сондай бір ықыласпен шығарып, алдыма қойды. «Маған құйған сорпаны ішпей, саған алып келдім, қарашы, тәп-тәтті деймін!». Оның кеше түнде аш жатқаны, өз сыбағасын сақтап, ақ ниетімен әкелгені миыма кіріп те шықпады. Көзінше қоқыс жәшігіне тоғыттым.

 

Балалық шығар?

 

Мүмкін тәкаппарлық?

 

Оқушы кезімде қандай сайысқа қатыссам да, қандай сахнаға шықсам да, өзінен-өзі ебіл-себілі шығып, «Құдайым-ай, менің досыма көмектесші!» деп күбірлеп жүретін. Ал мен намыстанушы едім. Оның мені досым деп айтатынына. Солай ойлайтынына. Сол үшін де әдейі қырсығатынмын.

 

-Сені қатты сағындым!,-деп құшақтап, екі бетімнен алма-кезек сүйіп көрісетін ауылға барғанымда. Ал мен тезірек оның қасынан кетіп, бетімді сабындап жууға асығар едім. Сенбі-жексенбі қаладан келетін жолымды күзетіп жүретін. Сонда бір сөйлессем екен-ау!

 

Ол тұрмысқа шықты дегенде қуандым. Енді әйтеуір мазамды алмайтынына. Оның маған деген шексіз құрметі мен қызығушылығы қараптан-қарап жыныма тиетін. Шын.

 

-Бәріміздің басымызға түсетін жағдай ғой, тек сен жылай көрмеші,-деп әкем өмірден өткенде басымды сүйеп қасымнан шықпағанында да рахмет демеппін. Тіпті солай істеуі тиіс секілді көрінді ме, білмеймін...

 

Кейде менің де бар жүрегіммен жақсы көрген, шексіз құрметтеген адамдарым салқын қабақ танытқанда, Ол ойыма оралады.

 

«Ниетін таптадым ба екен?» деп.

 

..Оны көрмегелі талай жылдың жүзі ауды.

 

Қазір мені есіне де алмайтын шығар. Көргім келеді.

 

«Сені қатттыыы сағындым!»,-деп құшақтап алып, екі бетінен алма-кезек сүйгім келеді.

 

«Ақ пейіліңді аңғармағаным үшін кешірші» дегім келеді.

 

Адам шын сенген адамына ғана солай еркелейді деп айтқым келеді.

 

Өмірдің сабағы бәрінен де мықты!

 

Бақытгүл Бабаш
Фейсбуктегі парақшасынан 




Көрілген: 1728    Пікірлер: 0

жексенбі, 10.05.2020, 12:35

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31