Соңғы үш күнде туған ауылым Қарауылтөбеге (БҚО, Ақжайық ауданы) Бұқар бетімен барып келуге екі рет талпыныс жасадым. 30-наурыз, сәрсенбі күнгі бірінші талпынысым сәтсіз аяқталды – УАЗдың өзі қайта-қайта жер бауырлап бата бергесін, амал жоқ, жарты жолға жетпей, кері қайттық. Екінші жолы, 1 сәуір, жұма күні әупірімдеп жете алдық. Екі жолы да батқан көлік, қазылып-айрылып қалған жолды көріп, көңілің құлазиды.
(Бұндай кезде, ешкім еріккеннен жүрмейді, екеуінде де жаназаға қатысқымыз келді)
Біздің Бас Заңымыздың бірінші бабының бірінші тармағы «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - дейді. Егер Қазақстан Республикасы өзінің азаматтары үшін сапалы жол қатынасын қамтамасыз ете алмаса, ол өзін қалай «құқықтық мемлекет», «әлеуметтік мемлекет» ретінде орнықтырады екен?!
Ауа райы бұзылса, жолы бірге бұзылатын мемлекет «ең қымбат қазынамыз - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп қалай айта алады?! Қанша азамат, тұрғынның ғұмыры осындай сапасыз жолдармен азаптанып қатынаумен өтіп жатыр? Қанша азамат, тұрғынның ғұмыры осындай сапасыз жолдарда үзілді, денсаулығы мен жоспарлары бұзылды?
P.S. Қазақстан Республикасы не өз азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс не «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма» дегендей, ол құқықтарды Конституциясынан алып тастауы керек.
Жалпы, кез келген аумақтың әкімінің іс-қызметін бағалау, өзге де маңызды критерийлермен қатар, оның сол аумақта сапалы жол қатынасын қаншалықты қамтамасыз етіп жатқанына қарап та бағалау керек.
Нұрлан Сәдір