Әлем вирусты жеңгенде, біз "вирус бар ма, жоқ па" деп даулаcып отырмасақ

01 тамыз 2021, 08:54

ВАКЦИНА

 

Вакцина алуға қатысты түрлі әлем елдерінің тәжірибелерін қарасақ қызық фактілер көп.

 

1. АҚШ-та вакцина алам деушілерге 100 доллардан бермек. Қаржысы көп ел. Ковидтан қырылып кеткен де осылар. Аты жаман індет жарты миллионнан астамын жер жастандырды. Сондықтан вакцина алуды мәжбүрлеуден гөрі ынталандыру арқылы іске асыру керек дейді. Экономикалары мүмкіндік беріп тұр. Бұларда 190 млн адам вакцина алған екен.

 

2. Еуропа елдерінде халық пен билік арасында вакцинаға қатысты қайшылық бар. Біраз қалаларында толқулар болып жатыр. Олардың басым бөлігі вакцина алу мен карантинге қарсы.

 

3. Пәкістан ерекше әдіске барыпты. Олар вакцина алмағандардың сим-карталарын бұғаттап жатыр. Сонымен бірге әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіріп тастауда. Яғни ол жақта отырып алып, "вакцина алмағанға 500 үй әперем" деп қуып отыра алмайсың. Шатпағың өзіңе дейді де, парақшаңды пух-пах еткізіп жойып тастайды.

 

4. Оңтүстік Шығыс Азия елдері де вакцинаны жылдамдату үшін айыппұл салуда. Оның көлемі 300-1200 доллар арасында. Мысалы Индонезияда кімде вакцина жоқ, оны қоғамдық көлікке кіргізбейді.

 

5. Қытайда вакцина ерікті түрде. Заң бойынша. Алайда олар қатаң шаралар жасап жатыр. Жұмыстан шығару, айыппұл салу, тіпті зейнетақыдан айыру. Заңсыз болса да солай істеуде. Өткен аптада Қытайда араға бір жыл салып 240 адамнан бір күнде вирус табылды. Бейжің дабыл қақты. Дереу  13 қаланың халқын жаппай ПЦР өткізіп (37 млн адам),  вакцина егіп жатыр. 37 млн адамды 240 адам үшін тексеруде. Масштабты түсіндіңіз бе?! Сұмдық ә. Бұлар былтыр пандемия басталғанда үйлердің есігін сваркамен жауып, тұтас қалаларды әскермен қоршап тастады. Темірдей тәртіппен індетті жеңді. Сөйтіп 2020-да  экономикасы өсіммен шыққан санаулы елдің бірі болды. Қазір бұларда 622 млн адам вакцина алыпты.

 

Ал енді бізді білесіз. Мемлекеттің қателігі вакцина алуға қатысты ақпараттандыруда жеңіліс табуда. Уатсаптағы 4-5 қатынның аудиосына біраз халық сеніп отыр. Бір-біріне жіберіп, "2 жылдан кейін өлеміз" дегенге илануда. Мемлекеттің ынталандыруы да қызық. ТРЦ-тарда бір сыйлықтар ойнатып жатыр. Кімге керек ол? Одан масштаб жоқ. "Әр вакцина алушыға 25 мың теңге береміз" десе жаппай алады. Иә, біраз қаржы кетеді, есесіне карантиннен жойылған экономикадағы минустан он есе жақсы.

 

Кей жандар вакцина паспортын жасатып алып мәз. Кімді алдап жүр түсінбедім. Паспортты жасап жүргендер ше? Ондайлардың ісімен ҰҚК айналысқаны дұрыс-ау, өйткені ұлтқа қауіп төндіріп отыр.

 

ПыСы: Әлем вирусты жеңгенде, біз вирустан қырылып, "вирус бар ма, жоқ па" деп даулаcып отырмасақ болды (сөйтіп отыратын сияқтымыз сүкі). Қуантарлығы Орталық Азияда 27% вакцина алған біз ғана. Қалғандары артта келеді.

 

 

 

Асхат Қасенғали

Фейбуктегі парақшасынан