Сен тұр - мен айтайын!

Әншісі бағаланатын қоғамның тағдыры "шырылдауық шегірткедей" жаман аяқталады...

  • Әншісі бағаланатын қоғамның тағдыры

    Әншісі бағаланатын қоғамның тағдыры "шырылдауық шегірткедей" жаман аяқталады...

 Жазайын ба, жазбайын ба деп көп ойландым. Бірақ төтенше жағдай мен карантин енгізілген елде кейбір фигаро-әншілер мен чип-чип-әншілердің режимді сақтамай, бірінің қоғамға қауіпті үндеулер тастауы, екіншісінің сыртта концерт беріп қайтуы қоғамның да, журналистердің де наразылығын туғызып отыр. Тіпті, әлемдік мега-жұлдыз, қазақтың маңдайына біткен біртума тұлға, нағыз әнші Димаш Құдайбергеннің өзі әлемдік гастролін тыйып, Еуропадағы концерттерін шегеріп, инстаграмдағы парақшасында "Үйде отырыңыз, аурудан сақтаныңыз" деп жүргенде, біздегі той-әншілерінің "шетелде ешкім маска тағып жүрген жоқ, бәрі сыртта еркін қыдырып жүр" деуі үлкен қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін емес пе? Жалпы, соңғы кездері кейбір әншілер қолда барына шүкір демей, "лохотрон" лоторея, ұтыс-ойындарын өткізіп жүр. Соларға не жетпейді дейсің ғой... Адамның көзі жылтыр дүниеге тоймайды ғой... Ынсап болмаса қиын. Менің айтайын дегенім, қоғамның әділетсіздігі! Иә, иә, біз әділетсіз қоғамбыз: олай болмағанда неге той-әншісінің гонорары - 3 миллион теңге де, ал инфекциялық аурухана дәрігерінің жалақысы - 160 мың теңгенің шамасында?! Неге біз тауықтың миындай миы жоқ кейбір әншісымақтардың "подписчиктер" қатарына бес жүз мыңыншы, миллионыншы боп жазыламыз да, ал отандық дәрігерлердің парақшалары небары ондаған, жүздеген адам жинайды? Ресейлік дәрігер Комаровскийден басқа қай дәрігерді танисыз? Бәріне өзіміз кінәліміз. Той жасасақ, байы да, кедейі де пәленше әншіні 2-3 млн гонорар сұраса да шақырады. Байы садақа сияқты лақтыра салады, кедейі кредитке батады. Сосын әншілер жүреді сұхбат беріп, "айналайын, қазағымның тойы" бітпесін, ешқандай карантин жоқ, маска керегі жоқ, той жалғасуы керек" дегендей... Айналайын халқым, бұл ауру тектен-текке келген жоқ. Ысыраппен той жасауды қояйық. Шын мамандардың, медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайық. Елге індет келсе, "коронавирус кет, кет, кет" дегендей әндер сізді құтқармайды. Бірінші Алла, екінші дәрігерлерге сенесіз.

Ысыраппен той жасауды қойсақ, той әншісі де тәубеге түседі: гонорарын миллиондап қоймайды... Шынтуайтында, ән айтудан оңай кәсіп жоқ! Не оңай: тойға барып, дастархан төрінде отырып, қызыл балық пен қызыл шарапты ішіп, бір-екі әнді миллионға айтып кету ме, әлде 36 сағатқа жұмысқа шығып, күн демей, түн демей, науқастарды қабылдап, кез келген уақытта жедел ота жасап, әр науқастың жағдайын ойлап, туыстарына басу айтып, айдың соңында 150-200 мың теңгедей жалақы алып, оны бала-шағаға әрең жеткізу ме?
Біздегі кейбір әншілер ақшаның буымен қаттыға кетіп барады. Алдымен, журналистер мен тележүргізушілердің нанын тартып, телевизияға бас салды. Жастарды "топастандыруға" бағытталған жеңіл-желпі дүниелер көбейді. Одан кейін кәсіби режиссерлар мен продюсерлердің жұмысына жармасып, "Өзі режиссер, Өзі актер, Өзі саунтрек Орындаушысы" болған жеңіл-желпі кино түсіре бастады. Ермек Тұрсыновтар шыр-пыр болып, "мұны кино деуге де болмайды" десе де, кинотеатрлар әнші-режиссерлардың тыңдарман-көрермендеріне толды. Енді, міне, елде төтенше жағдай жарияланды, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин! Медицина қызметкерлері "үйде отырыңыз" деп үндеп жатқанда, кей әншілер карантин талаптарын бұзғысы келеді. Әркім өз ісімен айналысуы керек қой. Қаншама "подписчик" бұл әншілердің үндеуінен кейін далаға шықты? Бүгінде елімізде бұл індет анықталған адамдар саны - 90-нан асты.
Бетін аулақ, бірақ Еуропадағыдай науқастар саны күрт көбейсе, дәрігерлер төтенше жағдайда жұмыс істеу тәртібіне көшеді. Яғни, сізге тыныс алуды жеңілдететін аппарат та, дәрігер де жетпей қалуы мүмкін... Себебі қатты ауырған науқастар мен орташа ауырған науқастарды бөлу барысында дәрігерлер де көбірек адам өмірін сақтау үшін қиын шешімдер қабылдайды. Үйде отырыңыз, бұл сіздің және сіз танымайтын басқа бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Дәрігерлерді қолдайық! Әншінің емес, дәрігердің жалақысы миллиондар болуы керек! Бұл жүйені өзгерту - өз қолымызда. Әншіні емес, дәрігерді сыйлайық, қолдайық! Дәрігері мен мұғалімі бағаланатын қоғамның денсаулығы мықты, білімі жоғары болады. Әншісі бағаланатын қоғамның тағдыры "шырылдауық шегірткедей" жаман аяқталады...




Көрілген: 1084    Пікірлер: 0

бейсенбі, 26.03.2020, 18:34

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30