Бір жылы туысқан апайымыз науқастанып, ауруханаға түсті. Ондайда ауырған адам кім келеді, кім хабарласып көңіл сұрайды, бәрін түгендеп, іздеп жатады.
Апайымызға тамақ апарып, кіріп шығудың мүмкіндігі тек үшінші күні туды. Оған дейін кезек тимеді. Әр жарты сағат сайын біреу барады екен. "Сен мына күні, мынашама сағатта кел" деді. Бардық.
Барсақ бейне бер шипажайда жатқандай. Маңайы толған гүл. Бүкіл медбике сол кісінің қасында. Олар кеткен соң "Әлгі ұл әкелген тамақты қыздарға бердім. Келін тамаққа бапсыздау ғой. Әлі қаншамасы тұр. Сен де үйіп әкепсің ғой" деді сылқ-сылқ күліп.
Қасында кәрі тамырлары барбиып, өңі сұрланған, ара-арасында әлсіз ғана жөтеліп қоятын бір орыс әжей жатыр екен. Біздің тамақ туралы сөйлесіп жатқанымызды түсінсе керек. "Вы казахи, молодцы! Вот мы, растили-растили своих детей. И теперь когда сами как дети стали им не нужны. А у вас вот как, все идут и идут" деді күліп. Бірақ күлкісінде көңілсіздік, мұң басым еді.
Мынадай астаң-кестең заманда қазақтың осы бір қасиеті сақталып қалса екен деп тілейді екенсің.
facebook.com парақшасынан