Аты дардай халықаралық жобаға мектепте 5-пен оқитын әр оқушы ене берсе, оның не қадір-қасиеті қалады?
"Қарға баласын аппағым дер" демекші, әркімге өз баласынан асқан сүйкімді, ақылды, білімді бала жоқ қой. Дегенмен өз ата-анасы үшін ғана емес, ел үшін қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеуде біз аздап қателесіп жүрміз-ау деп ойлаймын.
Күні кеше бір редакциядан маған хабарласып," Қызыңыз Айша үздік оқушы екен. Біз әр салада үлкен жетістікке жеткен балаларды халықаралық деңгейде шығатын кітабымызға енгізсек деп едік. Кітап еліміздің музейлерінде, ірі кітапханаларында тұратын болады" деп бір жас бала жыпылдап жатты. - Қанша? дедім жұлып алғандай. - 50 мың, дейді. - Ойланайық, жауабын жазамын деп қоя салдым. Кешке қарай ойланып: Менің баламды дарынды, үздік деп бағалағандарыңызға рахмет, әрине! Бірақ Айша өнерде, білімде, спортта топ жарған, жүзден жүйрік дарынды балалар қатарында емес әзірге, қарапайым қатардағы оқушы. Өзіне ұнайтын салаларды зерделеп, өзін сынап, жан-жақты ізденудеміз. Сіздердің жобаларыңызға шын мәнінде шыңды бағындырған, мыңнан тұлпар шыққан балалар енуі керек" деп жазып жібердім. Бұл менің өз баламды төмендеткенім емес, тек ақша беріп, оның жалған атақ-даңқа алданғанын қаламаймын. Онсызда өзінен басқа ешкім оқымайтын авторлардың кітабы толып жатыр емес пе? Енді аты дардай халықаралық жобаға мектепте 5-пен оқитын әр оқушы ене берсе, оның не қадір-қасиеті қалады? Баламның ел мойындайтындай білімі, өнері, еңбегі болса, жерде қалмас. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Айнур Сенбаева
Фейсбуктегі парақшасынан